Танымал бапкер Асқар Қожабергенов «Аладоп.кз» сайтының тілшісі Мұрат Мұқашұлына сұхбат беріп, ҚПЛ клубтарының трансферлік саясаты туралы ойын айтты.
Белгілі маман сондай-ақ, Луиш Нани мен «Ақтөбенің» мысалында Қазақстан футболының ұтатын тұстарына тоқталған болатын.
«Нанидің оқиғасын алсақ, мансабын тоқтатқанына біраз уақыт болыпты, бірақ сондай көп те емес секілді. Ақтөбедегі таныстарымнан сұрадым, португалиялық футболшы бабында көрінеді. Жалпы, осындай атақты футболшылардың келуі бүкіл елімізді, қазақ футболын Әлемге танытуға мүмкіндік береді. Қазақ футболы насихатталады деп ойлаймын. Біздің клубтарға жеке инвестициялар келіп жатқан кезде біраз трансферлер болатыны түсінікті. Шетелден атақты футболшыларды шақыруға мүмкіндік бар. Енді оған мемлекеттің қаржысы кетпейді, инвесторлардың ақшасы жұмсалады. Бұл жағынан мемлекетке ешқандай ауыртпалық тимейді деп ойлаймын», - деді А. Қожабергенов.
Айта кетейік, «Ақтөбе» португалиялық әйгілі вингер Луиш Наниді қатарына қосты. Жартылай қорғаушы «ақ-қызылдармен» 1 жылға келісімшартқа отырды. Аңыз футболшы жасыл алаңда ғана емес, клубтың халықаралық пиарымен де айналысады деп күтілуде.