Беранек алғашқы сынағын сәтті тапсырды

11.02.2011, 23:56
Беранек алғашқы сынағын сәтті тапсырды

Анталиядағы «Ататүрік» стадионында өткен матч жолдастық кездесу болса да, біздің құрама үшін аса маңызды ойын болды. Біріншіден, жаңа бас бапкердің ал­ғашқы ойыны. Екіншіден, ұлттық құрама сапына бірер жылғы үзіліс­тен кейін тәжірибелі ойыншыла­рымыздың бірнешеуі оралды. Үшіншіден, күздегі ресми ойындарда бірде-бір гол соға алмаған біздің футболшыларға құрғақ статистиканың тамырына балта шабу керек болды. Төртіншіден, қазіргі құрама сапындағы ойыншылардың бәріне өздерінің ұлттық құрама намысын қорғауға лайық екендіктерін дәлелдеу керек. Себебі бұл құраманы бас бапкер Мирослав Беранек жасақтаған жоқ. «Мынау – біздің ең үздік футболшыларымыз» деп Қазақстан футбол федера­циясының ұлттық құрамалар департаментіндегі мамандарымыз жинап берді.

Қарсыласымыз – осал емес, азуын айға білеген Франция құрамасын түзде тізерлетіп, тасы өрге домалап тұрған команда. Кейбіреулер тіпті «оларға да жеңіс ауадай қажет, сол үшін олар әуелде өздері келісіп қойған Нигерия футболшыларымен ойнаудан бас тартып, біздің құрамамен кездесуге келісім беріпті, мақсаттары – жеңіске жетіп, ФИФА рейтингінде жоғарылай түсу» деп, отқа май құя түсті. Жолдастық кездесу жасыл желегі, яғни түгі көк майса кілемдей ұйысқан тамаша алаңда өтті. Ауа райы да тып-тынық, мамыражай, жанға жайлы болды (+12°С). Стадионға қазақстандық жанкүйерлер көп жиналды. Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан командаларымыздың ойыншылары немесе өкілдері келді. Әсі­ресе «Локомотивтің» ойыншылары өзгелерінен көбірек болды. Мәскеуден білікті бапкер Анатолий Чернов та келіпті. Матч басталған бетте ойыншыларымыздың алаңдағы орналасу сұлбасына көз жүгірттік. Бәріміздің көкейімізді «жаңа бапкер Смақовты қай шепке қояды екен» деген сауал тесіп барады. Қақпаға Сидельников тұрып, Сма­қовқа сол қапталдағы қорғаушының қызметін атқару тапсырылғаны белгілі болды. Қорғаныстың орталық шебінде Абдулин мен Чернышев ойнап, оң қапталдағы қорғаушы қызметін Чичулин атқарды. Қорғанысқа тірек болар шепте Карпович пен Максим Азовский өнер көрсетті. Жартылай қорғаушыларға келер болсақ, сол қаптал – Нұрғалиевқа, ал оң қаптал Қонысбаевқа сеніп тапсырылды. Жұмасқалиев бел ортада ойқастаса, Хижниченко шабуыл өтінде ойнады. Ойын өте тартысты өтті. Бұл кездесуге қазылық еткен Молдова төрешісінің ысқырығы безілдеген сәттен бастап біздің футболшылар Беларусь қақпасын торумен болды. Бірақ тайлы-таяғымен алға қарай жөңкілмей, қорғанысқа да көңіл бөлінді. Әсіресе қорғаушылар тым сақ ойнауға тырысты. Бірнеше рет тамаша шабуылдар ұйымдастырып, Беларусь құрамасының қорғанысын піспектеумен болды. Осындай шабуылдардың бірі аса қауіпті болып, Жұмасқалиев тамаша мүмкіндікті кәдеге асыра алмай, мүлт кетті. Алайда қарсыластарымыз сасар емес, сабырлы қалыптарын жоғалтпай, олар да біздің қақпаға қауіп төндіре бастады. Ойындары ойлы да сайлы. Осындай қарбалас сәттердің бірінде Абдулин допты алаң сыртына шығарып жіберсе, бірде Чичулин Беларусь футболшысының аяғына оратылып, көгал үстімен сырғанай, допты аутқа тепті. Шамамен ойынның 23-минутында алаңға бір ит жүгіріп шығып, допқа таласты. Абдырып қалған ойыншылар допты өздерінен тартып алған жирен итке үрпие қарады. Төреші басқа допты алаң шетіне лақтырып жіберіп еді, ит соны қуа жөнелді. Абырой болғанда иесі келіп, допты аузына тістеп, жасыл алаңға қайта оралған итті алып кетті. Көп ұзамай теңбіл доп біздің қақпада тулады. Қарсыластарымыз ұйымдастырған қауіпті шабуылдың бірінде Азовский олардың алға ентелеген шабуылшысын шалып жығып, сұлатты. Пенальтиді жәбір көрген кіші Глеб орындап, есеп ашты. Бірінші тайм осылай аяқталды. Үзілісте Анатолий Черновты сөзге тарттық: – Бұл ойын жаңа бапкердің қабілеті мен біліктілігін пайымдауға өлшем бола алмайды. Бірінші тайм бойынша оған баға беру мүмкін де емес, дұрыс та емес. Себебі бұл құраманы ол өзі жасақтаған жоқ. Ол әлі біздің ойыншыларымызбен танысып та үлгермеді. Шабуылшымыз допқа жабыса алмай, бос сенделуде. Аяғына доп тиер емес. Финонченконы шығарса, ол допқа жабысар еді. Ал белорустарға келер болсақ, олардың ойындары мандымай жатыр. Глеб жоқ. Глеб жоқ болса, ойын да жоқ. Әрине, ол алаңда жүр, бірақ көзге түсер емес. Екінші таймда қақпаға Лория тұрды. Жанымызда отырған әкесі жымыңдап, қуанып қалды. Жұмасқалиевтың орнына екінші шабуылшы шықты. Біздің құрама шабуылды үдетті. Бірнеше мүмкіндіктерді кәдеге асыра алмадық. Белорустар да қол қусырып жүрген жоқ. Әлсін-әлсін қауіпті шабуылдарымен жүрегімізді аузымызға тығып қояды. Сондай қауіпті сәттердің бірінде Лория допқа барысша секіріп, бағытын сәл өзгертті. Доп қақпа маңдайшасынан кері қайтты. «Уһ» деп бір терең дем алдық. Ойынның аяғына қарай біздің футболшылар оларды тықсыра бастады. Шабуылды да, қарқындарын да үдетті. «Әлбетте сексен минуттан кейін тілдері салақтап, шаршап қалушы еді, ал қазір керісінше» деп, риза болып отырмыз. Бас бапкердің аз ғана уақыт ішіндегі еңбегінің жемісі мен нәтижесі осы секілді. Бір кезде жақын маңдағы мешітте кешкі намаз оқыла бастады. Ырғақты дауыс ап-анық естіліп тұр. Елден келген журналистер мен баспасөз қызметкерлері соңғы минуттарда айқайға бастық. Футболшылар да соңғы минуттар екенін сезініп, алға қарай лап қойды. Бұл талпыныстары зая кеткен жоқ. Смақовтың араласуымен біздің футболшылар Беларусь қақпасына шүйіліп, есепті теңестірді. Опыр-топыр болған ойыншылардың арасында Остапенко өзгелерден бұрынырақ қимылдап, теңбіл допты қақпаға тоғытты. Қысқаша ғана тоқталып өтер болсақ, бұл ойында алғаш рет ел намысын қорғаған Ұлан Қонысбаев жақсы ойнады. Карповичтің пайдасы орасан зор. Смақов та салиқалы ойын өрнегін көрсетті. Жалпы, қорғаныста жаман ойнаған жоқпыз. Қазақстан – Беларусь – 1:1 Голдар: Остапенко, 90 – Вячеслав Глеб 45-пенальтиден. Қазақстан: Сидельников (Лория, 46), Чичулин (Кислицын, 85), Абдулин, Чернышов (Нұрдәулетов, 84), Смақов, Карпович, Азовский (Скорых, 66), Нұрғалиев (Шомко, 85), Қонысбаев, Жұмасқалиев (Остапенко, 46), Хижниченко (Финонченко, 82). Бернд ШТАНГЕ, Беларусь құрамасының бас бапкері: – Біз бірінші таймда өз ойымызды жүзеге асырып, жақсы ойнадық. Екінші таймда сіздердің жігіттеріңіз көсіле шапты. Біз оларды бағаламай, опық жедік. Әлем чемпионатының іріктеу додасында сіздердің футболшыларыңызбен екі рет кездесіп, екеуінде де басымдық танытқанбыз. Сол матчтардағыдай емес, құрамаларыңыз жетіле түсіпті. Мирослав БЕРАНЕК, Қазақстан құрамасының бас бапкері: – Бірінші таймда есе жіберіп алғанымызбен, екінші таймда жігерлілік таныта алдық. Матчтың соңына дейін берілмей, бағымызды қарсыластың қақпасының алдынан іздеумен болдық. Ойын­шылар менің ой-жоспарымды жүзеге асыра алды. Бірақ мен бүгін алаңға шыққан ойыншыларды біздің құраманың негізгі құрамында ойнайтын болады демеймін. Әлі тексеремін, басқа да ойыншыларды сынақтан өткіземін. Ұлан ҚОНЫСБАЕВ: – Бірінші ойыным деп мүлде толқыған жоқпын. Самат, Нұрбол ағаларым, содан соң Андрей Карпович үнемі қолдап, демеп отырады. Солардың арқасында толқу мен толғанысты басымнан өткерген жоқпын. Андрей КАРПОВИЧ: – Құрама сапына қайта оралған тәжірибелі футболшылардың өздерін көрсете білгеніне қуаныштымын. Самат, мысалы, футболшылар арасында беделі жоғары ойыншы. Самат СМАҚОВ: – Қай шепте болсын, ел намысын абыроймен қорғауға дайынмын.

Нұрғазы САСАЕВ

Алматы- Анталья- Белек- Алматы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×