Бес мыңыншы матч

25.05.2011, 17:03
Бес мыңыншы матч
ХІІ турға дейін Қазақстан чемпионатының жоғарғы топтарында 4999 матч ойналыпты. Енді «бес мыңыншы (5 000) тарихи матч қай командалар арасында өтеді?» деген сұрақ туындауда. Осының анық-қанығын білу үшін егжей-тегжей ел футболының статистикасын жүргізіп жүрген, көпшілікке танымал әріптесіміз Михаил Маркинге жүгінген едік. – 1992 жылы 19 сәуір күні «Қайрат» – «Актюбинец» командалары арасындағы ойынмен Қазақстанның тәуелсіз чемпионаттарының пердесі түрілген. Ел чемпионатының тырнақалды кездесуінде «Қайрат» 3:1 есебімен жеңіске жеткен-ді. Содан бері толық емес 20 маусым бойы, яғни бүгінге дейін, 4999 матч ойналды. Бес мыңыншы ойын 2011 жылғы маусымның 13-турына дөп келіп отыр. Мен бес мыңыншы матч «Қайрат» – «Ақтөбе» арасындағы кездесу деп есептеймін. Өйткені өмірдің өзі осыған келтіріп тұр. Алматылықтар мен ақтөбеліктердің екеуара алты рет ел чемпионы болғандарын ескерген жөн, – деді күні бүгінге дейін «Қайрат» футбол клубының құрамында жұмыс іс­тейтін әріптесіміз. Қазақстан футбол федерациясының сайтына қарасаңыздар, ХІІІ турдың үш ойыны сағат 18:00-де басталады да, қалған үшеуінің ысқырығы бір сағаттан кейін безілдейді. Алматыдағы, Өскемендегі және Қызылордадағы ойындар сағат тілі тікесінен тік тұрғанда (төменгі тілі 6-ны, ал жоғарғы тілі 12-ні көрсеткенде) басталады екен. Алайда Қазақстан футбол федерациясы бес мыңыншы матчты осы үш кездесу арасында көкпарға салмай, бір шешімін шығарар. Бес мыңыншы матчтың 19 жылдан кейін Алатау бөктерінде өтетіндігін қарастыру керек сияқты.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×