Бір атаның балалары футбол ойнайды!

29.11.2011, 20:27
Бір атаның балалары футбол ойнайды!

Бір атаның балалары футбол ойнайды! ШАҒЫН ФУТБОЛДАН ДӘЛ ОСЫНДАЙ ЖАРЫС РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША ОНШАҚТЫ ЖЫЛ ӨТКІЗІЛГЕНІ БЕЛГІЛІ. ОЛ ЖАРЫСҚА РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША 60-ҚА ТАЯУ (!) КОМАНДА ҚАТЫСҚАНЫ ЕСІМІЗДЕ. ӨКІНІШКЕ ҚАРАЙ, КЕЙІНГІ 7-8 ЖЫЛДА БҰЛ ЖАРЫС ТОҚТАП ҚАЛДЫ. МІНЕ, ЕНДІ ЕЛГЕ СҮЙІКТІ БОЛҒАН ОСЫ ЖАРЫСТЫ ЖАЛҒАЙТЫН СӘТ ТУДЫ! 2012 ЖЫЛЫ ЖАНҰЯЛЫҚ ШАҒЫН ФУТБОЛ ТУРНИРІ ҚАЙТА ЖАЛҒАСАДЫ!

Жарыстың шарты мынадай: командада бір ғана атаның балалары ойнайды. Яғни, Жұмабаевтар, Арқабаевтар, Ғалымжановтар, Ивановтар, Сергеевтер, т.с.с. командалары. Жас ерекшелігі мен кәсіпқой, немесе, әуесқой екендігіне шектеу жоқ. Біреулер айтуы мүмкін, «кәсіпқой футболшымен қалай ойнаймыз» деп. Біз айтамыз: «өз жанұясында кәсіпқой футболшы тәрбиелеген жанұяға бас ию қажет» деп. Мысалы, Көкеевтер отбасы бар. Жарысымыздың алғашқы чемпиондары солар. Кезінде осы жанұялық жарысқа тәй-тәй басып келген, кейіннен осы турнирде өз жанұялары үшін ойнаған Жігер, Жамбыл Көкеевтер, бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері. Оларды Көкеевтердің отбасылық командасына қалай ойнатпаймыз? Жазығы бізден өсіп, ел құрама командасына енгені ме?

Жоқ, керісінше, бұл отбасына алғыс айтып, әлгі жігіттер қатысқан жарыста болғанымызға тәуба деуіміз керек. Біздің отбасылық жарыстың да басты мақсаты – әрбір жанұяда спортты насихаттап, шағын футболдағы команда арқылы бірлік, отбасына құрмет және елдік патриотизм тәрбиелеу. Жеңіс, жүлде дегендеріңіз жәй нәрсе. Ең бастысы, ұлы аталарының атын насихаттауға деген ұлы ниет болуы шарт. «Отан от басынан басталады» дегендей, атасын құрметтей алған жан отаны үшін де ештемеден аянбайды. Жарыстың мерзімі белгісіз. Оны Сіздермен ақылдасып шешетін боламыз. Ол үшін осы Жанұялық турнирге қатысатындықтарыңыз жайлы бізге хабар жіберулеріңіз қажет. Онда мекен-жай, телефон түгел көрсетілуге тиіс. Турнирге жіберілудің басты шарты әр команда осы «Sport» немесе орыс тіліндегі «Спорт» газетінің бес данасын бір жылға жазғызып алулары керек. Жарысқа жолдама – сол.

Әрине, басты талап – әке, аға, бауыр, немере, шөбереден команда құрып алып, қалған 4-5 айда даярлық жүргізу керек. Команда құрамына шек жоқ. Тек ойыншылардың фамилиялары бірдей болуы керек. Яғни – атасы, баласы, немересі, шөбересі, т.с.с. Жиендер командаға кіре алмайды. Олар өз аталарының командасын құра алады. Командаға қыз баланы қосамын десе қарсылық жоқ. Егер бір баланың фамилиясы өзге боп жазылса, дәлелдеуші құжаттар арқылы ол баланы командаға қоса аласыздар. Алаңда төрт адам, қақпада бір адам – командада бес адам ойнайды. Сонымен, жанұялық футбол жарысы 2012 жылы қайта жаңғырғалы тұр. Дәл осы турнирді күтіп жүрген жандар көп болатын. Сондықтан да біздің қуанышта шек жоқ. Бір атаның балалары боп ойнаған футбол сынынан ел футболына таланттар тауып жатса, нұр үстіне нұр. Жанұя − мемлекет негізі. Қазақ футболының негізін де осылай нығайтуға жазсын жаратқан. Жанұялық шағын футбол жарысын жарияладық бүгін.

Бәріңізден хабар күтеміз. Телефондар: 8(7172) 57 79 19, факс: 8(7172) 57 79 14. E.mail: sport.59@mail.ru «SPORT» ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКЦИЯСЫ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×