Бірінші айналымда теміржолшылар – алда

17.05.2011, 19:52
Бірінші айналымда теміржолшылар – алда
Футболдан премьер-лига бірінші кезеңінің бірінші айналымы аяқталды. Бабы келіскен­дер турнир кестесінің жоғарғы бөлігінен орын тепсе, ойындары жүрмегендер аутсайдерлер қатарынан орын алды. Чемпионат әлі бес-алты айға созылады. Көп нәрсенің түбегейлі өзгеруі мүмкін. Десек те, қазірден бастап қамданбаса, ертең кеш болып қаларын да жоққа шығара алмаймыз. Мұны жақсы білетін «Локомотив», «Ақтөбе», «Жетісу», «Ертіс», «Шахтер» секілді ұжымдар қазірден бастап ұпай жинауға кірісіп кетті. Бірінші кезеңнің бірінші айналымында әсіресе «Жетісу» жарады. Жас бапкер Серік Әбдуалиев жаттықтыратын команда маусымаралық үзіліс кезінде жақсы жасақталып, соның нәтижесінде көшбасшылармен терезесі тең өнер көрсетуде. Рас, соңғы турда «Востокпен» ұпай бөлісуге мәжбүр болды. Әйтпесе бірінші айналымда «Локомотив» емес, «Жетісу» жеңімпаз болып танылар еді. Дегенмен «Локомотивті» де кездейсоқ жеңімпаз дей алмаймыз. Биылдыққа бір-ақ рет ұтылған елордалықтар «Ақтөбе», «Тобыл» секілді басты қарсыластарын сүріндірді. Өздері тек жоғарыда аталған «Жетісудан» ғана жеңілді. Маусым басында селқос ойнаған «Ақтөбе» өздерінің ойындарын енді тапқан секілді. Әсіресе «Ақтөбенің» шабуылшылары жарап тұр. Атап айтар болсақ, 11 ойында алты голдан соққан сенегалдық Малик Мане мен «жаңа қазақстандық» Марат Хайруллин сұрмергендер тізімін бастап келеді. Оның үстіне, Мане чемпионаттың алғашқы екі ойынына қатысқан жоқ. Өз деңгейінде өнер көрсеткен командалар санатына «Ертіс», «Шахтер», «Ордабасы» және «Атырау» клубтарын жатқызуға болатын сияқты. Рас, әзірге шымкенттіктер мен мұнайлы қаланың командасы басшылығы қойған тапсырманы орындай алмауда. Бірақ бұл жағдай еліміздегі кейбір клубтар үшін үйреншікті әдет болып кеткенін айтып өт­кеніміз артық болмас. Сондай-ақ ел чемпионы «Тобыл» да биыл чемпионға лайық өнер көрсете алмай келеді. 11 ойынның алтауында жеңілген қостанайлықтар бүгінде – 8-орында. Ал «Қайрат» пен «Тараз» үзеңгі тартыстырып келе жатса, «Восток» пен «Қайсар» нағыз аутсайдерлердің қызметтерін атқаруда. Бірінші кезеңнің бірінші айналымының қорытындысы: «Тобыл» (Қостанай) – «Локомотив» (Астана) – 0:1 Гол: Шахметов, 72. «Ертіс» (Кереку) – «Ордабасы» (Шымкент) – 2:0 Голдар: Заречный, 20. Мальцев, 57. Ойынның 78-минутында Трайкович (О) пенальти орындай алмады (қақпашы). «Қайсар» (Қызылорда) – «Ақтөбе» – 0:2 Голдар: Мане, 43. Лисенков, 90+. «Қайрат» (Алматы) – «Шахтер» (Қарағанды) – 1:2 Голдар: Головской, 49. Струков, 82 – Рашкович, 22. «Атырау» – «Тараз» – 1:0 Гол: Жонатас, 32. «Восток» (Өскемен) – «Жетісу» (Талдықорған) – 0:0. Автор: Әзиз Жұмаділ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×