«Бірінші голды «Қайрат» салса, келесі кезеңге өтеді». Танымал бапкер алматылық клубтың мүмкіндігін таразылап, ерекше пікір айтты

12.08.2025, 15:28

Белгілі бапкер Болат Есмағамбетов «Аладоп.кз» тілшісімен сұқбаттасып, «Қайраттың» ЧЛ-да келесі кезеңге өту мүмкіндігін бағалады.

«Бірінші голды «Қайрат» салса, келесі кезеңге өтеді». Танымал бапкер алматылық клубтың мүмкіндігін таразылап, ерекше пікір айтты
Дастан Сәтпаев

Айта кетейік, бүгін алматылық ұжым сырт алаңда «Слованмен» ойнайды. Бірінші кездесу ҚПЛ чемпионының жеңісімен аяқталған 1:0. Братиславадағы бәсеке 23:15-те басталады.  

- «Слованға» бас бапкері көмектесе алмайды. Вайсстың алаң жиегінде болмауы «Қайратқа» қаншалықты септігін тигізеді?

- Жеке өзім қатты бір проблема болады деп есептемеймін. Вайсс алаң жиегінде болмаса да, көмекшілер жүреді. Ең мықты ассистенті бар, Борис Китка. Қаншама жыл Вайсспен бірге жұмыс істейді. Бәрін біледі деуге болады. Бас бапкердің міндетін мүлтіксіз атқара алатын азамат. Бір жағынан қазір түрлі технологиялар бар ғой, телефон, рация дегендей. Бір-бірімен ешқандай кедергісіз сөйлеседі. Одан кейін бас бапкердің үзілісте киім ауыстыратын бөлмеге кіре алатынын ұмытпауымыз керек. Сол жерден екінші таймға нұсқамаларын береді.

- Алматыдағы матчта шабуылда Эдмилсон болды. Бүгін де бразилиялыққа сенім артыла ма жоқ Уразбахтин схемада өзгеріс жасауы мүмкін бе?

- Алматыда алдыңғы шепте Эдмилсон өнер көрсетті. Бірден айту керек, ойыны жүрмеді. Меніңше, бүгін негізгі құрамға ілінбейді. Үзілістен кейін шығып қалар. Братиславада әдеттегі үштік – Дастан Сәтпаев, Жоржиньо мен Громыко шабуыл шебін құрайды. Уразбахтин тек бір шабуылшымен ойнауы ықтимал. Ондай схемада алдыдан Жоржино немесе Сәтпаевты көруіміз мүмкін. Бұл жерде «Слован» салған жерден алға лап қояды, ал бізге қарымта шабуылға иек арту керек болады. Ондайда әрине, жылдам футболшылар қажет. Жоржиньо мен Сәтпаев екеуі де сондай. Қарымта шабуылда бір гол салып алсақ, қатып кететін еді. Бірінші голды «Қайрат» салса, келесі кезеңге өтеді. Қалай болғанда да 1-таймда шыдау керек. Қарсыластың қысымына төзіп, қарымта шабуылда бірінші болып есеп ашып алса, шаруа бітті. Ал егер керісінше болса, біздің команданың жағдайы қиындай түседі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 13
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×