Бірінші Лига: «Ертіс» бастаған бірнеше фаворит айқындалып қалды

11.04.2025, 12:24

Футболдан еліміздегі екінші деңгейлі турнирдің маусымашар матчтары өте тартысты болды.

Бірінші Лига: «Ертіс» бастаған бірнеше фаворит айқындалып қалды
"Ертіс" футболшылары голдарын тойлауда

Интригасы мен тартысы жөнінен ҚПЛ-ден еш кем түскен жоқ деуге болады. «Тараз» - «Жетісай», «Түркістан» мен «Шахтердің» арасында болған кездесулер деңгейі тұрғысынан премьер-лиганың да шырқын бұзбайтын еді деп айтар едік. Сонымен, сәуірмен бірге бастау алған бірінші тур ойындарына жеке-жеке тоқталып өтсек.

Мауымашар ойында «Түркістан» өз алаңында «Шахтерді» қабылдап, ұтылып қалды - 1:2. Маусымға тыңғылықты дайындалған қарағандылық ұжым біраз күшейіп те алған еді - Игорь Шатский секілді біраз тәжірибелі футболшыны қатарға қосты. Сондай-ақ, павлодардың «Ертісі» де ұпайдан шашау шығарған жоқ. «Екібастұзды» ірі есеппен қапы қалдырды – 4:0. «Ертісті» жаңа маусымға дайындаған Қайрат Нұрдәулетов. Бапкерлік дарынын тағы бір мәрте паш еткен қазақстандық маман былтыр талдықорғанның «Жетісуымен» кәдімгідей шулатқан болатын. Қайрат Жұмабекұлы өткенде Кубоктік ойында кеткен есені, жіберген қатені қайталамауды павлодарлық футболшыларға қатты табыстаған секілді. Тарихы бай ұжым жоғары дивизионға қайтуға мүдделі. Қ. Нұрдәулетовтің өзі де маусым басталар тұста клуб басшылығының тапсырмасын орындау үшін барын салатынын алға тартқан болатын.    

Қайрат Нұрдәулетов;

«Ең алдымен мен үшін «Ертістің» бас бапкері болу үлкен мәртебе! Өңір басшылығымен тілдескенімізде клубты биіктен көруді тапсырып, жоғары дивизионға қайтару тапсырмасын жүктеген. Біз осыған талпынып, тапсырманы орындауға тырысамыз. 

Павлодарлық жанкүйерлердің футболды қалай жақсы көретінін білеміз. Бес дүркін чемпион атану оңайға түскен жоқ, біз мұны түсінеміз. Осы маусымда стадионымызда жанкүйер көп болса, бұл командаға рух береті еді. «Ертіс» үстемдік етіп, әрдайым бірінші нөмірмен ойнауы керек деп есептеймін. Барлық қарсыластарымыз күшті жасақталған, осал команда жоқ, қазір барлығы футбол ойнап үйренген. Оңай болмайын деп тұр».

«Каспий» былтыр премьер-лигаға шығудан кәдімгідей дәмелі болды. Қуаныш Қаболов жарты маусымда-ақ ақтаулық клубты дұрыс жолға қойып, нақты нәтиже берген. Соңғы турларға дейін «Каспий» алғашқы екі орынның бірінен үмітті болған. Ақтаулық ұжым биыл да қауқарлы екенін анық аңғартты - Алматының «AKAS-ын» 3:1-мен жеңіп, жаңа чемпионатты үш ұпаймен бастады.

Өскеменнің «Алтайы» сырт алаңда Шымкенттің «Оңтүстік академиясымен» ойнаған. Тартысты теке-тірес бола ма деп топшылап едік, олай болмай шықты. «Алтай» 2:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Осылайша, маусымды сәтті бастаған  өскемендіктер де алғашқы үш ұпайын еншіледі. Жалпы, биыл басты фавориттер қатарынан біз осы «Алтайды» көреміз.  

Сол сияқты «Жетісай» да биылғы маусымға тың дайындықпен келгенін анық аңғартқан болатын. Түркістан облысының намысын қорғайтын клуб өткен жылы да тәуір ойын өрнегімен есте қалған. Жанкүйер көңілінен шыққан ұжым алғашқы кездесуінде сырт алаңда «Тараздан» 2:1 есебімен басым түсіп, көш бастады.

Сонымен қатар, алғашқы турларда болған қызықты кездесулер қатарына «SD Family» мен «Қайраттың» жастар командасының арасындағы ойынды жатқызуға болады. Тәжірибеге иек артқан «SD Family» алматылықтардан айласын асырып кетті - 3:0. Алматының «Хан Тәңірі» «Ақтөбе» жастарын жеңіп, үш ұпайды қанжығасына бөктерді - 2:0.

Қортындылай келе, Бірінші лиганың аяқ-алысы жаман емес деуге болады. Енді одан ары тартыс қыза түсетін секілді. Биыл мұндағы командалар құрамы жөнінен кәдімгідей күшейіп алған, Бірінші лигадағы бапкерлер де есімдері көпке танымал мамандар. Мұның барлығы турнирдің тартымдылығын арттыра түспек.

Екінші тур ойындары сәуірдің 17-18-де болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×