Бірінші лига: Көшбасында қос команда

ҚПЛ мен бірге Бірінші лига да шарықтау шегіне жетіп қалды. Әзірге, турнир кестесінде қос команда бірдей ұпай жинап, көшбастап тұр. Дегенмен, чемпионатта бәрі анықталды деуге әлі ерте.

Бірінші лига: Көшбасында қос команда
фото ашық дерек көзден алынды

Бірінші лигада барлығы 15 команда сынға түсіп жатыр. Соның ішінде, биылғы маусымда Премьер-лигаға шығуға мақсат қойған 4 клуб бар. Көкшетаудың “Оқжетпес”, Алматының “Хан Тәңірі”, Ақтаудың “Каспий” және жаңадан облыс ретінде құрылған Жезқазғанның “Ұлытау” командалары Премьер-лиганың екі жолдамасы үшін талас жүргізіп жатыр. Бұл клубтардың арасында “Қайрат-Жастар” бар. Бірақ, олар біріншілікте топжарса да, ереже талаптары бойынша жоғары лигаға көтеріле алмайды. Дегенмен, “Қайрат” академиясының шәкірттерінен құралған жас команда көшбасындағы ұжымдардан бір ұпай ғана кем жинап, 3-орында келеді. Егер, қалған үш турда ұпайдан шашау шығармаса, чемпион атанып кетуі де ғажап емес. Ал турнир кестесінің шыңында 54 ұпай жинаған “Ұлытау” мен “Оқжетпес” бірінші-екінші орынды өзара бөлісіп тұр. Осы екі команданың өзгелерден бәсі жоғары. Әсіресе, чемпионат соңында көкшеліктердің күнтізбесі жеңіл. “Оқжетпес” соңғы үш турдың екеуін өз алаңында біріншілік аутсайдерлері “Түркістан” мен “Қайсар-Қызылордаға” қарсы өткізсе, сырт алаңда “СД-Фэмилимен” ойнайды. Ал “Ұлытауға” оңай соқпайын деп тұр. Фавориттерге қарсы тісін батыратын “Екібастұз” бен “Ақжайыққа” қонаққа барып, үйде Дидар Сыдықбектің командасын қабылдайды. Яғни, үш ойынның біреуінде ұпай жоғалтуы бек мүмкін. Мұнан бөлек, топбасындағылардың сүрінгенін қалап, “Каспий” мен “Хан Тәңірі” 49 ұпаймен өкше басып келеді. Алайда, үш турда 5 ұпай айырмашылығын қысқарту қиын. Бірақ, бұл командалар да соңына дейін тырмысып, талас жүргізетіні анық. Жалпы Бірінші лиганың мәресіндегі шиеленіс осындай. 

P/S: “Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды” дегендей келер жылы Премьер-лигадағы командалардың саны 14-тен 16-ға ұлғаяды деген инсайд ақпарат ел арасында желдей есіп жүр. Егер, бұл шындыққа айналса Бірінші лигадан үш бірдей клуб жоғарыға көтерілуі мүмкін. Сондықтан, “Каспий” мен “Хан Тәңірі” екі жолдамаға қолы жетпесе де ең құрығанда үшінші орын алу үшін барын салады.  

  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

КПЛ футбол
Aladop Youtube
×