Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы 2021 жылғы маусым қорытындысы бойынша Бірінші лиганың үздік бас бапкері мен ойыншысын анықтау мақсатында сауалнама өткізді. Сауалнамаға лигаға қатысушы командалардың бас бапкерлері, капитандары және жетекшілері қатысты. Респонденттерге әр номинация бойынша маусымның үздік үш есімі ұсынылды.
Барлық дауыстардың қосу нәтижесінде 2021 жылғы маусымдағы Бірінші лигасының үздік ойыншысы болып «Ақсу» командасының 20 жастағы шабуылшысы Мирас Тұрлыбек атанды.
Бұған дейін Мирас Екінші лига аясында тек қана «Ертіс» жастар командасының құрамында өнер көрсеткен болатын. Биыл ол Бірінші лигада дебют жасап, бірден өзін жақсы жағынан көрсете білді. Тұрлыбек біріншіліктің 21 ойынында 21 гол соғып, 6 нәтижелі пас берді. Сонымен қатар Мирас OLIMPBET-Қазақстан кубогінің бастапқы кезеңінде екі ойын өткізіп, екі рет қанжығасын майлады. Оның нәтижелі ойыны Қазақстан жастар құрамасының бапкерлер штабының назарынан тыс қалмады. Мирас жастар арасындағы 2023 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Шотландияға қарсы сырт алаңда өзінің алғашқы ойынын өткізді.
2-3 орындарды «Оқжетпестің» қос тәжірибелі футболшысы Жасұлан Молдақараев пен Санат Жұмаханов бөлісті. Бір қызығы, лигадағы клуб басшыларының көпшілігі өз дауыстарын Жасұланға берді, бірақ сауалнама қорытындысы бойынша тәжірибелі ойыншылардың жинаған ұпайлар саны Тұрлыбекті басып озуға жетпеді.
Санат Жұмаханов Бірінші лига аясында 18 ойында 10 гол соғып, 7 нәтижелі пас жасады. Ал оның әріптесі Молдақараев 19 матчта өзінің жеке статистикасына 19 гол мен 5 ассист жазды.
Біздің серіктес: FONBET