Біріншіліктің білікті болгар бапкері

Қазақстан Премьер-лигасы тарихында өз қызметінде ұзақ мерзім отырған болгар бапкері Стойчо Младенов естеріңізде бар ма? 

Біріншіліктің білікті болгар бапкері

1957 жылдың 12 сәуірінде туылған Стойчо Младенов кезінде шабуылшы позициясында өнер көрсеткен. Ол ЦСКА София ұжымымен бірге 4 мәрте ішкі біріншіліктің чемпионы атанған. Соның нәтижесінде Стойчо Болгарияның спорт шебері дәрежесін алды. Бапкерлік салаға бет бұрғанға дейін болгар португалияның бірнеше ұжымында доп теуіп қайтты. Атап айтсақ, “Белененсеш”, “Виктория Сетубал”, “Эшторил-Прая” және “Ольяненсе”. Осы аталған ұжымдарда ол 100-ден астам ойын өткізді. Жасыл алаңда ойнап жүріп, бапкерлік білімін жетілдірген Младенов бутсасын шегеге қадаған соң, бірден “Эшторил-Прая” мен “Ольяненсе” клубтарын тізгінге алды. Бір маусым өткен соң, Стойчоға ел құрамасын баптауға ұсыныс келеді. Алайда болгар бапкері “арыстандар” құрамасын ірі халықаралық турнирлердің біреуіне қатыстыра алмады. Әлем мен Еуропа чемпионаты іріктеуіннен өте алмаған Стойчо 2 жылдық жұмысынан кейін, өзінің бағын ашқан ЦСКА Софияға оралды. Мұнда 2003 жылы Болгария чемпионатында топ жарып, 1 жылдан кейін Грекияға қоныс аударады. Одан кейін 2016 жылға дейін Младенов ЦСКА-ға үш рет қайтып келіп, арасында “Аль-Ахли” және “Аль-Иттихад” сынды Азияның белді ұжымдарын басқарады. Алайда атап айтарлықтай нәтиже көрсете алмаған бапкер сөйтіп жүріп “Атыраудан” бірақ шығады. Болгар маманы қазақстандық ұжымның бапкерлік қызметінде Владимир Никитенконың орнын басады. Жұмысына білек сыбана кіріскен Стойчо жергілікті маманның нәтижесінен асып түсе алмады. Естеріңізге салсақ, Никитенконың тізгінінде “Атырау” топ-5 ұжымның қатарына кірді. Ал Стойчо баптауында мұнайшылар турнир кестесінде 8 орынға тұрақтады. Бірақ не болса да, Младенов келер маусымда Қазақстанның оңтүстік аймағына бағыт ұстады. Ол тізгіндеген “Қайсар” турнир қорытындысы бойынша өте жақсы өнер көрсетіп, 6 орын алды. Мақсат Байжанов, Владимир Аржанов және Матиас Курерлер клуб сапынан 5 голдан соғып, үздік сұрмерген атанды. 2018 жылы Стойчо “Қайсарды” Қазақстанның үздік 5 командасы қатарына қосты және Кубоктың 1/4 финалына дейін жеткізді. Бұған дейін екі маусым қатарынан 1/8 ден ұшып отырған ұжым үшін бұл тағы да қосымша жігер болды. Бұл маусымда да бразилиялық Матиас Курер 7 гол соғып, “қасқырлар” арасында дараланды. 2019 жыл “Қайсар” мен Младенов мансабындағы ең есте қалатын маусым болды. Команда әдетінше, чемпионатта мықтылар қатарында. Ең бастысы, Стойчо алған бетінен қайтпай Қазақстан Кубогыне қол жеткізді. “Қайсар” 1989 жылдан кейін алғашқы трофейін жеңді. Сол сәттегі Кубоктың ойындарында негізі біраз сенсация болды. “Алтай” 1/8 финалда “Астананы” ұтты, “Ақтөбе” “Ертістен” пенальтилер бойынша ұтылды. Бірақ айқын фавориттер турнирден шықты дегені болмаса, “Қайсардың” жүріп өткен жолы оңай болды деуге келмес. Мәселен, Младенов шәкірттері жартылай финалда Кубокпен қоштасуға сәл қалған. “Қайраттың” сау-тамтығын қалдырмаған “Тобыл” командасы бірінші матчта “Қайсарды” жеңіп алды. Алайда бағына орай,  Қызылордалықтар қос ойын қорытындысы бойынша 1:3 есебімен жеңіске жетті. Финалда “Қайсар” “Атыраумен” жолығып, соңғы минуттарда есепті теңестіріп, экстра-тайм бітер уағында Думан Нәрзілдаев көмегімен көптен күткен жүлдені уысына түсірді. Қызылорда командасы “Астана Аренаға” жиылған 4500 мың адамның көз алдында Кубокты басына көтерді. Сол маусымда Тигран Барсегян чемпионаттың ашылуы болып, 29 матчта 12 гол соғып, үздік сұрмергендер қатарына кірді. Нәтижесінде армян келер маусымда елордалық “Астанамен” жақсы келісім шартқа отырды. Кубокты жеңген команда мен бапкердің көңілінде барлығы жақсы болған еді... Алайда пандемия уақытында маман мен команда футболшылары арасында кикілжің орын ала бастады. Клубтағы лидерлер саналатын Асхат Тағыберген, Қуаныш Қалмұратовтар Младеновпен бір мәмілеге келе алмады. Бұның барлығы “Қайсардың” чемпионат пен Еурокубок ойындарына кері септігін тигізді. Оның үстіне облыс футболға бөлетін бюджетті едәуір қысқартып, аяқдопшылардың айлығын төмендетіп тастады. Ал бұл болса, жолдорбасын жинап, басқа командаға кеткен футболшылар қатарын көбейтті. Осының бәрін көріп отырған Стойчода “Қайсармен” қоштасуға бел буды. Болгар бапкері сырттан оның клубтан кетуін қалаған жандардың болғанын алға тартты. Бір сұқбатында ол “Мен “Қайсардан” кететінімді басшылыққа айтып жеткіздім. Менің одан әрі команданы басқарғанымды қаламайтындар бар. Бір орында ұзақ отырып қойған секілдімін”, - деген Стойчо Қызылорда жұртын қимай кетіп еді. 2019 жылы Қазақстанның үздік бапкері атанған Младенов араға 3 жыл салып мансабын аяқтады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×