«Біз өзімізге-өзіміз жеңілдік». Вагнер Лав - «Қайраттағы» өзгерістер, биылғы маусымдағы нашар ойын мен өзінің болашағы жайлы

19.10.2021, 00:59
Бразилиялық шабуылшы биыл «Қайрат» жейдесінде 32 матчқа қатысып, 12 гол соқты, 10 нәтижелі пас берді.
«Біз өзімізге-өзіміз жеңілдік». Вагнер Лав - «Қайраттағы» өзгерістер, биылғы маусымдағы нашар ойын мен өзінің болашағы жайлы

"Қайрат" клубының шабуылшысы Вагнер Лав Vesti.kz сайтына берген сұхбатында ағымдағы маусымның негізгі оқиғалары туралы, оның ішінде Құрбан Бердыевтің келуімен қандай өзгерістер болғанын, бір жыл ішінде екі жаттықтырушының отставкасын қалай қабылдағанын және команданың чемпиондық титулды неге қорғай алмағаны жайлы өз ойымен бөлісті.

- Бердыевтің келуімен сіздің алаңдағы функцияларыңыз қалай өзгерді?

- Бапкер бізге, әсіресе, шабуылдағы ойыншыларға көбірек еркіндік береді. Ол бізден қарсыласты алдап өтуді және қақпаға соққы жасауды талап етеді. Бұрынғы жаттықтырушылардың кезінде мен "ондық" ретінде алаңның ортасында көбірек ойнадым. Енді Құрбан Бекиұлының және командаға басқа ойыншылардың келуімен мен аздап қапталға қарай ығыстым. Бұл мен үшін жаңа позиция деп айта алмаймын, өйткені мен басқа клубтарда да осы позицияда ойнадым. Мен үшін көп нәрсе өзгерген жоқ, айырмашылық шамалы ғана. Бізге бұл еркіндік ұнайды.

- Көптеген сарапшылар команданың жаңа схемаға және бапкердің талаптарына енді ғана үйреніп келе жатқанын айтады. Шынымен солай ма?

- Өз ойыншыларының жаттығуда бар ынта-ықыласпен жұмыс істеуін талап ететін жаттықтырушы тактикалық тұрғыда да дұрыс әрекеттерді талап етеді. Жаттықтырушының не қалайтынын түсіну үшін уақыт қажет. Біз қазір істеп жатқан жұмысты ескерсек, келесі матчтарда прогресстің болатынына сенімдімін.


- Осы аптада "Қайраттың" "Карабах" пен "Астанаға" қарсы маңызды матчтары бар. Екі бірдей матчқа команданың эмоционалды және физикалық күші жете ме?

- Иә, бізді өте маңызды ойындар күтіп тұр. "Карабахқа" қарсы сырт алаңдағы ойын, "Астанамен" үйдегі ойын және Қазақстан кубогіндегі қарымта ойын бар. Бұл ойындардың барлығы өте қиын болады. Барлық футболшылар ойнағысы келеді және әркімде физикалық және эмоционалды күш жеткілікті. Ал мен тобығымның тез арада жазылуын асыға күтемін. Мен ауруды уақытша басатын дәрі қабылдауға мәжбүр болдым, сондықтан мен қатысқан соңғы матчтарда физикалық және техникалық тұрғыдан барымды бере алмадым.

- Конференция лигасының топтық кезеңінен шығу "Қайраттың" қолынан келетін міндет пе?

- Біздің топта сапалы командалар бар. Біз бұған дейін "Омония" мен "Базельге" қарсы ойнадық. Енді бізді "Карабахқа" қарсы матч күтіп тұр. Турнирдің келесі кезеңіне өту оңай болмайды, бірақ мүмкін емес деп айта алмаймын.

Футболда барлық нәрсе алаңда шешіледі. Менің ойымша, бізде топтан шығуға мүмкіндік бар, бірақ "Қайраттың" тарихта бірінші рет еуропалық жарыстарға қатысқанын ұмытпау керек. Кейде бұл ойыншылардың психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін. Бірақ біз "Қайрат" турнирдің келесі кезеңіне өту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысуымыз керек.

- Енді іріктеу кезеңін еске түсірсек. "Црвена Звездамен" болған қарымта матчта не жетіспеді? Кадрлық мәселелер әсер етті ме?

- Біз өз алаңымызда "Црвена Звездаға" қарсы керемет матч өткіздік. Қарымта матч алдында бізде шығын көп болды, көптеген ойыншылар ауырып қалды, кейбіреулері жарақат алды, бұл біздің Белградтағы ойынымызды күрделендірді. Егер бәрі сау болса, біздің қарымта кездесуде оң нәтижеге жету мүмкіндігіміз жоғары болатын еді.

- Осы маусымда екі бас бапкер командадан кетті. Ойыншылар мұны қалай қабылдады? Бұл команданың психологиясына әсер ете ме?

- Менің ойымша, бұл команданың психологиялық жағдайына қатты әсер еткен жоқ. Бразилияда мұндай жағдай жаттықтырушы ауысқанда жиі болады, ал біз, футболшылар, бұған әрқашан дайын болуымыз керек және жұмысты жалғастыруымыз қажет. Жаңа жаттықтырушының келуімен кейбір нәрселердің өзгеруі белгілі нәрсе. Ойыншылар бұған психологиялық тұрғыдан дайын болуы керек. Егер сіз менің жеке пікірімді сұрайтын болсаңыз, бұл маған психологиялық тұрғыдан әсер еткен жоқ. Мен басқа ойыншылар туралы айта алмаймын, бірақ жеке өзіме жаттықтырушылардың ауысуы әсер еткен жоқ.

- Яцек Гуралский маусымның көп бөлігін жіберіп алды - бұл команда үшін үлкен шығын ба?

- Иә, әрине, бұл біз үшін үлкен шығын болды, өйткені ол қарсыластан допты тартып алу кезінде, және талас-тартыс кезінде көп жұмыс істейтін тамаша ойыншы. Бізге Яцек сияқты футболшы қажет, ол шабуылдағы ойыншыларға, сонымен қатар қорғаныс шебіне көмектеседі. Сондықтан, бұл біз үшін үлкен шығын болды деп ойлаймын, енді келесі матчтарда ол алаңға оралып, командаға көмектесе алады деп үміттенемін.


- Сіз Артур Шушеначевпен бірге жиі ойнайсыз. Оның прогрессін қалай түсіндіресіз? Сіз оған жеке кеңестер бердіңіз бе?

- Ол күн сайын алға жылжып келе жатқан жас ойыншы. Бірақ тілдік кедергілерді ескере отырып, біздің қарым-қатынаста қиындықтар бар. Мен өз тарапымнан оған алаңда көмектесуге тырысамын. Артур техникалық тұрғыдан мықты ойыншы және менің ойымша, ол одан да жақсы ойнауы мүмкін. Егер қаласа, ол үлкен қадам жасап, шетелге кете алады. Барлығы өзіне байланысты.

- Өткен маусымда "Қайрат" чемпиондықты айқын басымдықпен жеңіп алды, қазір команда тек үшінші орынға ие болды. Команданың нашар ойнауына әсер еткен негізгі себептерді атай аласыз ба?

- Біз чемпионаттың басында бізден теориялық тұрғыдан әлсіз командаларға қарсы өте маңызды ұпайларды жоғалттық. Егер сіз маңызды ұпайларды маусым басында жоғалтсаңыз, онда титул үшін күресу қиынға соғады. Бұл біз үшін нашар жағдай. Менің ойымша, біз өзімізге-өзіміз жеңілдік. Егер біз соңғы матчтарда концентрацияны жоғалтпағанда, чемпиондық титул үшін күресуге әлі де мүмкіндігіміз болар еді.

- Футзалдан әлем чемпионатын көрдіңіз бе? Бразилия құрамасы қазір Қазақстан үшін ойнайтын мықты ойыншыларды (Дуглас, Игита, Тайнан) жіберіп алды деп ойламайсыз ба?

- Мен мүмкіндік болған кезде Қазақстан құрамасының кейбір матчтарын қарадым. Біз Кака, Игита және Дугласпен жақсы доспыз. Бұл адамдар Қазақстанда футзалды дамытуға тырысуда. Олар Қазақстанды әлемдік футзал тарихына жазып қалдырды. Мен Бразилияның үлкен ойыншылардан айырылғанына сенімдімін. Енді олар Бразилияда туылғанына қарамастан, әлемдік аренада Қазақстанның намысын өте жақсы қорғауда. Мен келесі әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатындағы нәтижелер де жоғары болады деп күтемін. Олардың Қазақстанмен бірге титул жеңіп алып, осында және Бразилияда одан да танымал болғанын қалар едім.

- "Қайрат" футбол клубы мен футзал командасы арасындағы матчқа қатысу сіз үшін қызықты болар ма еді?

- Егер мен "Қайрат" футзал клубымен өтетін матчқа қатысатын болсам, керемет болар еді. Бірақ олардың өзіндік ойын стилі бар екенін ескерген жөн - олар өте жылдам, допты жақсы басқарады. Олар қарсыластарын өте кішкентай кеңістікте алдап өтеді. Олармен ойнау қиын болады (күледі).

- Әрине, сіздің келесі маусымда "Қайратта" қалу-қалмауыңыз жанкүйерлердің қызығушылығын тудырды. Бұл мәселе басшылықпен талқыланды ма?

- Осы күнге дейін бізде бұл туралы әңгіме болған жоқ. Менің қазіргі бар ойым - тобықтан алған жарақатымнан тез айығып, алаңға қайта оралу. Бізді әлі алда көптеген маңызды ойындар күтіп тұр.

- Сіз, Жоао Пауло, Канте және Шушеначевпен бірге Премьер-лиганың үздік сұрмергендерінің қатарында тұрсыз. Лигадағы ең күшті шабуыл шебі "Қайратта" деп айта аламыз ба?

- Басқа командалардың барлық шабуылшыларына құрметпен қарай отырып, бізде чемпионаттағы ең мықты шабуыл шебі бар деп ойлаймын. Бізге "Ордабасыдан" келген Жоао Пауло өткен жылдары чемпионаттың үздік сұрмергені болды. Ол керемет ойыншы. Бізде өз елінің ұлттық құрамасында ойнайтын және үнемі "Қайрат" үшін гол соғатын Хосе бар. Сонымен қатар өте талантты Артурды айта аламын. Мен соңғы кездері гол соғудан гөрі көбірек нәтижелі пас беріп жүрмін.


- Қазақстанда сізді қабілеті және талантымен таң қалдырған ойыншы бар ма?

- Мен чемпионаттың ойындарын көп қарамаймын. Қазақстан құрамасының да матчтарын қарау мүмкін емес, себебі олар өте кеш басталады. Сондықтан маған бір ойыншыны атап айту қиын.

- Ойыншы ретіндегі мансабыңыз аяқталғаннан кейін не істейтініңізді ойладыңыз ба? Сізді жаттықтырушы болу қызықтыра ма?

- Мен әлі бұл туралы ойлаған жоқпын, өйткені мен тағы бірнеше жыл ойнағым келеді. Мен өзімді жақсы сезінемін, физикалық жағдайым да жаман емес. Қазіргі уақытта мені жаттықтырушы болу қызықтырмайды. Әрине, ертең не болатынын білмейміз. Егер кенеттен жаттықтырушы болып кетсем, мен бұл жұмысқа дайын болу үшін жақсылап дайындалуға тырысамын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×