«Аладоп.кз» отандық бапкер Болат Есмағамбетовпен сұқбаттасып, премьер-лигадағы чемпиондық талас турасындағы болжамын сұраған.
Танымал маманның пікірінше, ҚПЛ-2025 жеңімпазы «Қайрат», «Астана» және «Тобыл» үштігінің арасында сарапқа салынады.
- Болат Жолдасұлы, Атыраудағы сәтсіздігі «Тобылдың» чемпиондық таластағы мүмкіндігін төмендетіп жіберген секілді ме?!..
- Бұл жерде енді чемпионаттың соңғы бөлігі қалды. Чемпиондыққа таласта осыған дейін үш команда келе жатқан. Өткенде «Тобыл» осы таластағы позициясын құртып алды. Күтпеген жерден премьер-лиганың ең соңғы орнындағы командадан ұтылып қалды. Енді келесі турда қостанайлықтар «Астананы» қабылдайды. Егер «Тобыл» сол ойында да жеңіліп жатса, чемпиондық таласта екі-ақ команда қалуы ықтимал. Ол әрине, «Қайрат» пен «Астана».
- Соңғы жағдайларға қарап, кім топ жаруы мүмкін деп ойлайсыз?
- Дәл қазір бәрін дәл болжау қиын шаруа. Осы қазір кімнің чемпион болатынын да тап басып айту мүмкін емес. Көш басындағы үш команда да соңғы турларда бір-бірімен ойнап шығады. Сол кезде өзі де кімнің қауқары қандай екені белгілі болып қалатын шығар. «Міне, осы матч алты ұпайдың ойыны еді» деп сонда кімнің чемпион болатынын да болжауға болатын еді... Енді чемпионаттың қалай аяқталарын сол өзінің кезінде көре жатармыз. Бірақ, бір анығы - барлығы «Қайрат», «Астана» мен «Тобылдың» арасындағы матчтарда шешіледі.
- Әңгімеңізге көп рахмет!
ҚПЛ-дің 23 турынан кейін алматылық «Қайрат» көш бастады. Екінші орында «Астана», ал үздік үштікті «Тобыл» түйіндеуде.