Болат Есмағамбетов: барлығы «Қайрат» футболшыларының дайындығына байланысты

24.11.2025, 12:17

Танымал маман Болат Есмағамбетов «Аладоп.кз» сайтына сұқбат беріп, алматылық «Қайраттың» «Копенгагенге» қарсы мүмкіндігін бағалады.

Болат Есмағамбетов: барлығы «Қайрат» футболшыларының дайындығына байланысты
"Карабах" - "Копенгаген" кездесуі

Айта кетейік бұл бәсеке 26-қарашада Дания жерінде өтеді.

«Копенгаген өз алаңында әрине фаворит. «Карабах» - «Копенгаген» кездесуін көргем. Есеп 2:0 болғанымен, ойын бойынша даниялықтар басым болғандай көрінді. Қонақтардың гол салатын жақсы мүмкіндіктері болған, бірақ сәттілік жетіспеді. Жалпы, «Копенгагеннің» шабуылшылары өте мықты – Мукоку, Ларсон дейтін футболшыларды мысалға келтіруге болады. Әр ойында шамамен 2 голдан салып жүр, бірақ қорғаныста да мәселелері жоқ емес. Стандарттары өте қауіпті екенін айта кету керек. Бұрыштамаларда әсіресе, өйткені футболшылары бойшаң екен. Алаң иелері допты бақылап, тізгінді қолдарына алатын шығар. Ал «Қайрат» қарымта шабуылға иек артып, сондағы мүмкіндіктерін пайдаланып қалуы керек. Тәжірибелі клуб, өз чемпионатында да жақсы қарқын алған. Бұл жерде алматылықтар тура біздің ұлттық құрама сияқты ойнауы керек деп есептеймін – Қазақстан ешқандай мүмкіндік болмаса да соңына дейін күресті. Алаңға сондай ұстаныммен шығып, жеңіс үшін ойнауы тиіс. Рейтингті де ұмытпаған жөн. Қарсыластың әкетіп бара жатқан ештеңесі жоқ, «Реал», «Интер» немесе «Арсенал» емес қой. «Копенгаген» сол «Пафоспен» деңгейлес деп айтуға болады. Ұтуға болады, тең түссек те жаман емес. Бұл жерде барлығы «Қайраттың» жағдайына байланысты, футболшыларының бабы қалай? Мәселе осында. Енді ғана ұшып келіп жатыр дегендей. Оны енді ойын көрсетеді», - деді белгілі бапкер.

«Қайрат» 4 турдан кейін 1 ұпаймен 35-орынға жайғасқан. Алматылықтар жалғыз ұпайды «Пафоспен» болған кездесуде еншілеген болатын.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 2
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×