Танымал бапкер Болат Есмағамбетов "Аладоп.кз" сайтына берген сұхбатында алматылық «Қайраттың» ЧЛ-дағы өнерін бағалап, пікірін айтты.
«Енді «Қайратқа» плей-офқа шығу өте қиын болады. Командалардың алматылықтарға деген көзқарасы өзгереді. Оларға қарсы басқаша дайындалады. «Қайрат» үшін ҚПЛ-дің кестесі қолайсыз, басты мәселе де осында. Еуропалық клубтарда бұл жағынан басымдық бар. Біздің команданың ойынына чемпионаттың ерте аяқталғаны сөзсіз әсерт етті. Соңғы рет қарашада доп тепкен, алайда, «Буде-Глимт» командасын алып қарасақ, олардың да біріншілігі баяғыда аяқталып қойған еді ғой. Норвегия чемпионаты біздікіндей қазан-қарашада тәмамдалған. Ал бірақ олар «Манчестер Ситиді», «Атлетиконы» ұтып жатыр. Плей-оф кезеңіне өтті. Былайша айтқанда оларда барлығы кәсіби деңгейде. Ал біздікілерде ше... Мақтай беруге де болмайды, осындай дәрежеге шықтың ба, соған лайық болуың керек. Осындай кезеңдегі командалардың дәрежесіне ұмтылуға тиіссің. «Қайрат» ЧЛ-ның не екенін көрді, ең соңғы орын алды. Енді осыдан бір қортынды шығаруы керек. Осы жылға ЧЛ бар, Кубок, Суперкубок, чемпионат бар. Қалай болатынын көреміз енді. Сегіз ойынның барлығында қарсыластары фаворит саналды. Алматылық команда қорғаныстан ойнады. Ал түйіндей келе, 5 балдық жүйемен минус 4 қоюға болатын шығар. 4 бал негізгі кезеңге шыққаны үшін, ал минусты өзін көрсете алмағанына қоюға болады. Команда мұндай деңгейге әлі дайын емес», - деді Б. Есмағамбетов.
«Қайрат» ЧЛ жалпы кезеңінде 36 команданың арасында ең соңғы орын алды. Алматылық клуб 8 матчтың біреуін тең аяқтап, қалғанын ұтылған.