- «Қайрат» үшін сырт алаңда тең ойнау немесе кемінде 1 доп айырмашылығымен жеңілсе де, жақсы нәтиже деп санаған едім. 2:0 есебі қиындау тиді. Бірақ «КуПС» өз жерінде 2 гол соғуға шамалары жетті. Алматылық ұжым да лайықты жауап қайтарады деп ойлаймын. Осы орайда қарсыластың «Олимпиядан» бір ерекшілігі болғанын айтып өткен жөн. Финляндия чемпионаты да Қазақстан секілді көктем – күз мезгілінде өтеді. Команда нағыз бабында. Ойыншылардың көпшілігі жергілікті футболшылардан жасақталған. «КуПС» - жас команда. Ал «Қайраттың» тәжірибесі мол. Қай клубтың келесі кезеңге өтетіндігі белгісіз. Бірақ футболдың қызығы сол, тарихта адам сенгісіз камбэктер көп болған. «Қайрат» та еш мойымай, үшінші кезеңге өтуі тиіс. Бастысы, мүмкіндіктер көп болады деп сенемін. Қонақтарға қиын болатыны анық. Жергілікті климатқа бейімделу, күннің ыстығы, уақыт белдеуі, жергілікті жанкүйерлердің қолдауы «КуПС-қа» қосымша қысым болары сөзсіз.
Сондай-ақ, отандық маман бірінші ойындағы «Қайраттың» кемшіл тұстарын да атап өтті.
- Чемпиондар лигасының бірінші кезеңінде «Қайрат» екі ойында небәрі 2 мәрте ғана бұрыштама көтерген еді. Ал «КуПС-пен» кездесуде алматылықтар 10 рет бұрыштама көтеруге мүмкіндік алды. Өкінішке қарай, санды сапаға айналдыра алмады. Қарымта матчта осы олқылықты аңғарады деп сенемін, - деді Болат Есмағамбетов.
Айта кетейік, қарымта ойын 29 шілде күні Алматыда өтеді.