Белгілі бапкер Болат Есмағамбетов «Қайраттың» ЧЛ 3-іріктеу кезеңіндегі бірінші кездесуіне тоқталып, ҚПЛ чемпионының мүмкіндігін бағалады.
Ертең алматылық клуб Словакия чемпионы «Слованды» қабылдайды. Қарымта ойын 12-тамызда Братислава қаласында болады.
«Бірден айту керек, екі команда да өзінің алаңында ойнағанды жақсы көретін, жалпы жақсы нәтиже көрсететін ұжымдар. Бұл теке-тірестің тағдырын өз алаңындағы матчтар шешеді. «Қайрат» қазір бабында. Чемпионатта бірінші орында келеді, олардың да шабуылы керемет. Алматыда жанкүйерлер лық толады. «Қайраттың» құрамында тереңдік жеткілікті, команда ҚПЛ-де, Чемпиондар Лигасында да қиналмай ойнай алады. Алаң иелері ертең көп шабуылдайды, мұны алдындағы екі ойын көрсеткен. «Қайрат» жылдам гол салса, ары қарай жақсы болар еді. Мұндай ойындарда жылдам гол салу өте маңызды. Екінші матчтың алдында орысша айтқанда, жақсы «задел» жасап алу керек. Меніңше, ертең «Қайратта» көп мүмкіндік болады және алаң иелері көп гол ұрады», - деді Б. Есмағамбетов «Аладоп.кз» тілшісіне.
«Қайрат» алғашқы екі кезеңде Словения өкілі «Олимпия» Любляна мен финляндиялық «КуПС-тан» айласын асырды. 4-іріктеу кезеңіне шыққан жағдайда шотландиялық «Селтикке» қарсылас атанады.