Танымал бапкер Болат Есмағамбетов «Аладоп.кз» сайтына берген сұхбатында Финляндия мен Қазақстан футболын салыстырып, ойын ортаға салды.
Отандық маман фин жерінде жасалған жағдайларды тізіп, біздегі басты кемшіліктерге назар аударды.
«Қазақстан инфрақұрылым жағынан 90-жылдардағы Финляндидан артта. Ондағы қалалар біздегідей үлкен емес, сол үшін стадионды шағындап салады. Негізінен 3-5 мың арасында келеді. Алайда, олардың барлығында табиғи газон. Солтүстікте орналасқан ел болса да алаңдары ғажап. Таңқаласың. Балаларға арнап салған манеждері бар. Олардың сапасы жоғары, кәсіби клубтар да емін-еркін жаттығу жасай алады. Қажетіне қарай жасанды алаңдарды да пайдаланады. Қыс бойы жаттығып, ойнап шығуға толық мүмкіндіктері бар. Әрбір үйдің ауласында хоккей коробкалары тұрады. Қыста мұз құйып хоккей ойнаса, жазда футбол ойнайды балалары.
Б. Есмағамбетов сондай-ақ, балалар футболына тоқталып, Финляндиядағы үйірмелердің жұмысын мысалға келтірді. Танымал жаттықтырушының пікірінше Қазақстандағы спорттық секциялардың ойлағаны тек ақша.
«Финляндиядағы жалғыз мәселе – бапкерлер мектеп, білім ошақтарын аралап, балаларды үйірмелерге шақырудан таласады. Бірі футболға, енді бірі баскетболға, хоккейге тартады дегендей. Ал олардың барлығы тегін. Бізде қалай, үйірмеге бармай жатып «ақша төле, төлемесең ойнамайсың» дейді. Тиіп кетсе, ақша сұрайды», - деді Б. Есмағамбетов.
Болат Есмағамбетов Қазақстан және Финляндия жоғары лигаларының клубтарында доп тепкен. 1997-жылы «Ертіс» сапында ел чемпионатының жеңімпазы. Ал бапкер ретінде 2013-те 1-лигада топ жарды.