Болат Есмағамбетов: “Өзбекстаннан ешқандай ерлік пен жеңіс күтпеңдер”

Бүгін, 16:16

Тарихында тұңғыш рет Әлем чемпионатында бақ сынап жатқан көрші Өзбекстан ұлттық құрамасының айналасындағы қызу талқылаулар толастар емес, деп хабарлайды Aladop.kz.

Болат Есмағамбетов: “Өзбекстаннан ешқандай ерлік пен жеңіс күтпеңдер”

Қазақстанның белгілі футбол функционері әрі танымал сарапшысы Болат Есмағамбетов Sports24.kz сайтына берген сұхбатында Өзбек ағайындардың Мундиальдағы болашағына қатысты баға берді. 
 
Болат Есмағамбетов Өзбек футболының бұл жетістігін жоғары бағалағанымен, турнирде олардан ешқандай ерлік күтудің қажеті жоқтығын ашық кесіп айтты. Оның ойынша, олардың дәл қазіргі деңгейі тым төмен.

"Өзбекстанның Әлем чемпионатына жолдама алуының өзі — күллі Өзбек халқы үшін үлкен жетістік пен ұлы той. Одан артық нәтиже талап ету қисынсыз. Құрама өз тарихында тұңғыш рет мұндай алып додаға қатысып жатқандықтан, олардан ешкім үлкен жеңістер талап етпейді."

Сарапшы турнирдің әзірге басты сенсацияларының бірін мысалға келтірді:

“Қазірдің өзінде Мундиальда сенсациялар тіркеліп үлгерді. Жақында ғана Австралия құрамасы ешкім күтпеген жерден Түркияны тізе бүктіріп, жұртты шок қылды. Әрине, Өзбекстан да осылайша көрерменді жақсы жағынан таңғалдырса нұр үстіне нұр болар еді.” 

Алайда, алдағы Колумбияға қарсы өтетін матч туралы сөз қозғағанда, сарапшы қарсыластардың деңгейі тым жоғары екенін жасырмады.
 

"Колумбиялықтар — Әлем чемпионаттарында ысылған, тәжірибесі мол, өте қауіпті ұжым. Сондықтан бұл ойында басымдық толықтай Оңтүстік Америкалықтар жағында болады."

Маманның ең ащы болжамы Өзбек құрамасының топтағы басты мақсатына қатысты болды. Болат Есмағамбетовтің пайымдауынша, Өзбекстан құрамасы плей-офф кезеңіне шығу үшін емес, өз тобында Конго Демократиялық Республикасымен бірге ең соңғы орынға табан тіреп қалмау үшін ғана аяусыз жан алысып, жан берісуге мәжбүр болады.

Бұл ащы да болса шынайы пікір Өзбекстан құрамасының әлемдік аренадағы нақты әлеуетін көрсетіп бергендей. Дегенмен, доп домалақ болғандықтан, көршілеріміз бұл үкімді бұзып, тарихи сенсация жасай ала ма, жоқ па — оны жасыл алаң көрсетеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 1
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×