Бразилияның "Оле Бразил" академиясының тәрбиеленушісі, Қазақстан жастар құрамасының бұрынғы қорғаушысы Мирас Түлиев үлкен спортпен қоштасқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Aladop.kz.
30 жастағы маман ендігі кезекте бапкерлік жолға түсуді ұйғарған.
Жаңа бағыт: "Каспий” және бапкерлік білім
Мирас Түлиевтің айтуынша, ол өткен жылдан бері бапкерлік қызметке білек сыбана кіріскен. Қазіргі таңда ол туған өлкесіндегі "Каспий” клубының құрылымында еңбек етіп жүр.
"Былтырдан бастап бапкерлікке ауыстым. Әзірге "С” санаты бойынша оқуымды бастадым. Өткен маусымда QJ League жобасында жұмыс істесем, биылдан бастап "Каспийдің” дубль құрамында бас бапкердің ассистенті қызметін атқарып жатырмын. Жағдай осылай қалыптасты, сондықтан болашағымды бапкерлікпен байланыстыруды жөн көрдім.” — деді Мирас Түлиев Legalbet.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Мирас Түлиев — кезінде мемлекеттік бағдарламамен Бразилияда екі жыл бойы футбол әліппесін үйренген талантты буынның өкілі. Ол мансабында Қазақстан жастар құрамасының белді ойыншысы болды және отандық "Каспий”, "Атырау", "Оқжетпес”, “Ертіс" және “Бәйтерек” секілді клубтарда доп тепті.