Бүгін түнде кішігірім "Копа Америка". Немесе "Оңтүстік Америка түні"

29.06.2014, 01:49
Бүгін түнде кішігірім "Копа Америка". Немесе "Оңтүстік Америка түні"
Бразилиядағы дүбірлі доданың плей-офф кезеңі де келіп жетті. Топтық турнир қызықты өтті, тосын сыйларға толы болды деп айтуға толықтай негіз бар. Алда, күтпеген жерден жіберілген, көзге көрінбес болмашы бір қатенің өзі кешірілмес плей-офф кезеңі. Классиканы сүйетіндер, романтиктер финалда Маракана стадионында Бразилия-Аргентина ойының, Неймар мен Мессиді қарсылас ретінде көргісі келеді. Ол болмаса, Уругвай-Бразилия финалынан да кет әрі емес. Ал біз, 1/8 финалдағы алғашқы екі жұптың, яғни бүгін түнде кездесетін командалардың шама-шарқын байқап, аз-кем сараптама жасап көрмекпіз.  Бүгін түнде, Бразилиядағы Оңтүстік Америка түні болмақ. Копа Америка дерсіз. Иә, дәл солай. Бразилия-Чили, Уругвай-Колумбия. Екі дерби. Бразилия мен Чили топтық турнирден қалай шыққандары белгілі. Бразилия кейбір жерде әдемі шабуылдарының, қорғаныстың мығымдығының, кейбір жерде төрешінің көмегімен топтан шықса, чилиліктердің жайы бөлек. Өлім тобындағы өлмей қалған екі команданың бірі. Голландия мен Испанияның көлеңкесінде қалады деген Чили, іс жүзінде екеуінен де озбаса да, әлем чемпиондарын артқа қалдырып кетті. Бұл жұпта Бразилияны сөзсіз фаворит деу артықтық болар. Негізі, бұл екі команда 4 жыл бұрын Оңтүстік Африкада да кездескен еді. Онда бразилиялықтар 3-0 есебімен сенімді жеңіске жеткені бар. Бірақ, ол кездегі Чили іргетасы енді қаланып жатқан, жас командалардың бірі еді. Ал, қазір тәжірбиелі, шебер ұжым. Голландияға қарсы ойында алаңға шықпаған Артур Видаль сапқа қайта оралды. Түптеп келгенде, қай команда орталық алаңды иемденеді жеңіс те сол команда еншісінде болады. Бразилияның орталық жартылай қорғаушылары Луис Густаво, Рамирес, Фернандиньоларға қарсы Видаль, Арангис, Диас. Неймар мен Санческе де байланысты. Кейде сол қанаттағы шабуылшының рөлін атқарып кететін Марселоға, бүгін Санчесті тұсау оңайға соқпас. Қырағы Санчес 1 метр бос қалдырылған алаңның бөлігін ұтымды пайдалана біледі. Мүмкін, Бразилия фаворит. Бірақ, өз басым олай ойламаймын, фаворит дегені қағаз жүзінде шығар. Іс жүзіңде Бразилияның ойыны оны дәлелдемейді. Негізі, Уругвай-Колумбия ойыны да қызық болайын деп тұр. Ойын осыдан 64 жыл бұрын, уругвайлықтарға сәтті болған Маракан стадионында өтеді. Байқасаңыз, дәл қазіргі таңда Оңтүстік Америкалықтардың қай ұжымы сенімді, әдемі, жемісті ойын көрсетіп жүр десеңіз Бразилияны да, Аргентинаны да емес дәл осы Колумбияны атауға болады. Фалкаосыз-ақ Колумбия ойнай алатынын көрсетті. Джексон Мартинес, Куардадо, топтық турнирде қарсыластар қақпасына 3 гол тоғытқан Хамес Родридегестер Колумбияны алға сүйреп жүр. Колумбия-фаворит. Бұл күлкілі емес. Уругвай басты лидері "тістеуді" жақсы көретін Суарестен айырылды. Ал, Сурестың Уругвай үшін қаншалықты маңызды екенін білесіз. Білмесеңіз, Уругвай-Коста Рика, Уругвай-Англия ойындарың қайта тамашаласаңыз болады. Шабуыл өтінде Суарес бар кезде Уругвай қалай ойнайды, жоқ кезде қандай азусыз командаға айналады. Бірақ, Табарес білгір, көреген бапкер. Әлем чемпионатының плей-офф кезеңі дегеннің не екенін бұл маман жақсы біледі. Осы бапкер 4 жыл бұрын Уругвайды жартылай финалға алып шыққан. Ал, Колумбия болса ешқашан 1/8 финалдан ары асып көрмеген. Әрине, бұл жағынан басымдылық Уругвайда. Тәжірбие мол. Бұл да бір маңызды фактор. Тек осыған қарап Уругвайдың мүмкіндігі жоғары демесеңіз, түптеп келгенде Колумбия ширек финалға жолдама алуы керек. Бұл, тек Оңтүстік Америка командаларының қатысуымен ғана өтетін кішігірім жартылай финал. Себебі, бұл жұптардың жеңімпазы бір-бірімен кездесіп, жеңгені ары қарай жартылай финалдан бір-ақ шығады. Бұл дегеніміз, біз жартылай финалда кем дегенде екінші америка материгінің өкілін көретін боламыз.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×