Бұл - қазақ футболына жасалған қастандық!

Бүгін, 16:41

Қазақстан құрамасы Ұлттар Лигасындағы циклын аяқтап, С Лигасына төмендеді.

Бұл - қазақ футболына жасалған қастандық!
Станислав Черчесов

Көпшілік Станислав Черчесовтың жұмысына көңілі толмайтынын жасырмайды. Осы орайда белгілі маман Алмас Құлшынбаевпен хабарласып, ұлттық команданың соңғы нәтижелері мен тағы бірқатар мәселенің төңірегінде көлемді сұқбат жасадық.  

Бұл сұқбаттан сіздер:

Бірінші лиганың ойындары мен отандық транслияциялар туралы

ҚПЛ-дегі бәсекелестік жайында

Станислав Черчесов пен Магомед Адиевтің айырмашылығы туралы оқи аласыздар

   - Алмас Жақанұлы, сізді Бірінші лигаға барады деп естідік. Дәл қазір немен айналысып жүрсіз, команда таптыңыз ба? Әңгімені осыдан бастасақ...

- Шынымды айтсам, бірінші лига туралы өзіңізден естіп тұрмын. Жақсы ұсыныс, жақсы команда болса неге бармасқа? Бірақ, әзірше ешқандай ұсыныс келіп түскен жоқ. Бірінші лигадан да, ҚПЛ командалары да тыныш. Премьер-лиганың аяқталғаны күні кеше ғана, клубтар қазір жақсылап тынығып алып барып, қайта іске кіріседі. Өздерінің мүмкіндіктерін таразылайды, қаржылық қауқарын бағамдамақ. Жоспарлары бар дегендей. Сондықтан, маған әзірге ешкім шыққан жоқ. Бос уақытты пайдаланып өзіме, отбасыма көңіл бөліп жүрмін. Жаттығу залына барғанды ұнатамын, соған біраз уақытым кетуде. Жалпы айтқанда осы, үй шаруасы, отбасымның қасындамын. Ұсыныстарға дайынмын, жақсы командалар болса көруге болады. Нақты мақсаты бар болса, Бірінші лиганың да клубтарының ұсынысын қарап көруге кетары емеспін.      

- Соңғы жылдары бірінші дивизиондағы бәсекелестік өсіп келе жатқандай көрінеді. Ол жақтың матчтарын тамашалайсыз ба?

- Иә, Бірінші лига да назарда. Бәсекелестігін білемін, турнирлік кестесіне зер салып жүремін. Барлығын болмаса да трансляциясы жасалатын кейбір матчтарын тамашалаймын. Қазір бізде телеарналар көбейген. Бұл жағынан сең қозғалды деуге болады. Үш-төрт арна бар, Бірінші лиганы, тіпті Екінші лиганың ойындарын көрсетіп жүреді.

- Биылғы ҚПЛ-дің деңгейі, «Қайрат» пен «Астана», жалпы премьер-лига туралы ойыңыз...

- Енді биылғы премьер-лигадағы тартыс ерекше болды. Соңғы турға дейін жеңімпаз белгілі болған жоқ. Чемпиондық тек соңғы турда шешілді. Осыған дейін қалай еді? Топ жаратын команда бірнеше турдың алдында-ақ анықталып қоятын еді ғой. Бірақ бұл жолы олай болған жоқ. Биыл соңына дейін бес команда үміткер саналды. Солай болды да. Соңғы турда үшінші орынның тағдыры анықталды, «Ордабасының» Еурокубоктік аймаққа іліну-ілінбеуінің жауабын да соңғы күні білдік. Соңғы турдағы интрига... «Тобылдың» «Қайсардан» ұтылып, төртінші орыннан қағылып қалғаны. Ал «Астана» мен «Қайраттың» кездесулерін теледидардан тамашаладым. Елордалықтар еш қиналмастан «Жетісуды» жеңсе, «Қайрат» тартысты матчта «Атыраудан» айласын асырды. Мұнда енді жеке менің ойым - пенальти болды. Ал жалпы «Қайрат» пен «Астана» ғана емес, «Ақтөбе» мен «Ордабасы» да чемпиондыққа лайық еді. Маусымды жақсы өткізді. Тек сол соңғы турларда алматылықтар жеңісті жолынан жаңылған жоқ. «Астана» да сол, соңғы 3-4 ойындарын жоғары деңгейде өткізіп, қарсыластарына жеткізбей кетті. Осыған дейін де айттым, «Қайраттың» жетістігі заңдылық, оның орнында «Астана» болса да солай дер едім. Себебі, команда ұзақ уақыт бойы турнирлік кестенің екінші алтылығында жүріп, кәдімгідей марафон берді, күреске араласты. Жалғыз сол «Тобылмен» сәтсіз кездесу болмаса... Ал «Қайратты» төртінші чемпиондығымен құттықтаймын, алдағы Еурокубоктік сайыстарда сәттілік! Еурододадағы қалған командаларымызға да тілектеспін.

- Ұлттар Лигасында бір гол сала алмай, төмендедік. Құрама топты бір ғана ұпаймен аяқтады. Енді С дивизионы. Онда да оңай емес - Румыния, Болгария... Жалпы, құрама командадағы бапкерлік штаб жайлы, қазіргі нәтиже туралы не айтуға болады?

- Құрама жайлы не айтуға болады? Нәтиженің өзі біраз дүниеден хабар беруде. Бір голды да сала алмай кеттік. Голдың жоқтығын да, нәтижелерді де қойшы... Мұндағы ең сорақысы, Норвегиямен өз алаңымыздағы ойындай айтпағанда, меніңше бұл бәсекеде жолымыз болып кетті, қалған кездесулерде команда ерекше енжар көрінді. Жігіттердің жігерсіздігін түсіне алмадым. Иә, құрамадағы өзгерістер жайында айтылды, білеміз, естідік. Ойын жүйесінде, басқа дүниелерді айтып отырмын. Буын алмасу туралы да айтылуда, жастарды тартып жатырмыз дейді. Әрине, біраз жасқа келген ойыншылардың барын жоққа шығармаймыз. Сондықтан, басқа нәтиже күту де орынсыз болған шығар. Әу бастағы мақсат қандай еді? Білуімше, осы жолы Әлем чемпионатына дайындыққа, команданы соған қарай шыңдауға басымдық берілді. В Лигасында қалу деген жоспар болған, бірақ байқағанымыздай бұл біздің деңгей емес. Словениямен болған соңғы ойында жаман көрінген жоқ, Аустрия да азуын айға білемесе де, Еуропа біріншілігінен жақсы қарқын алғаны көрініп тұр. Қалай десек те, В Лигасының ауылы алыс. Оның үстіне жаңағыдай айтқан өзгерістерге тұспа-тұс келіп қалдық. Енді С Лигасы не десе де деңгейі жағынан біршама төмен. Қазіргі өзгерістердің нәтижесін бәлкім сол жақта көріп қалармыз. Өкінішке қарай, қазір олай болмай тұр. Төрт қорғаушы тактикасы. Өзім осы ойын жүйесін ұстанамын. Бұл команданың шабуылдағы әлеуетін күшейтеді. Қазақстандағы көп командалар қазір бес қорғаушымен ойнап жүр, қорғанысқа көбірек көңіл бөледі. Бұл жағдай да өзінің әсерін тигізді. Өзгерістер кезеңі, сондай өтпелі шақ болып тұр ғой. Енді ары қарай қалай болар екен, тек қана күтуге тура келеді. Черчесов орнында қалып жатса, осыны жалғастыра ма, жоқ па?... Күтейік. Барлығы қазіргідей жалғаса берсе, әрине бапкерді ауыстыру керек болатын шығар. Демек, жаңағыдай өзгерістер, ойын жүйесі біздің футболшыларға келмейді деген сөз, мүмкін шеберліктері жетіспейтін болар. Жеке маған салса, басқа үміткерлерді қарап көрер едім. Біздің футболшылармен жұмыс істей алатын жаттықтырушы керек пе? Күтеміз енді, бапкерлік құрамда өзгерістер болып қалар. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді.              

- Құрамаға жастарды тарту керек дейді. Тағыберген, Исламхан мен қақпашы Шатскийдей көшбасшылардың дәуірі өтті ме?

- Айтып отырмын ғой, біразы шау тартып қалған. Дарабаев 35-інде құрамаға келді. Команданы сөзсіз, жаңарту қажет. Шатскийге қатысты, қазір Сейсен өзін жақсы қырынан көрсетуде. Мұхамеджанның Еурокубоктегі бір ойынды толық алып шыққанын көрдік. Тек оған қазір дұрыс таңдау жасау керек, алаңға шығатын бір командаға барғаны дұрыс. Ал мүмкін бапкерлері сенім артатын шығар (Астана жайлы әңгіме). Әлібек Қасым, Самородов иә, жаңа буын. Мұндағы басты мәселе – легионерлер лимиті. Чемпионаттағы жаңа есімдердің шығуына, көзге түсуіне легионерлер үлкен кедергі! Егер осы жағдай жалғаса берсе, құрамаға жаңа ойыншылар табу қиындай түседі. Ұлттық командадағылардың өздері қазір қосалқы құрамда отырғанын қайтып жасыруға болады? Бұл орайда шұғыл реформа сұранып тұр, бұлай кете берсе жастардың жарып шығуы неғайбыл. Сондықтан, ҚФФ оңтайлы шешімін тауып, легионерлерге қатысты біржақты етуі керек.        

- Черчесов пен Адиевті салыстыруда... Сіз не айтар едіңіз? Екеуінің жұмысына паралель жүргізу қаншалықты орынды?

- Екеуі екі түрлі философияны ұстанатын бапкерлер, салыстыру кішкене дұрыс болмайтын секілді. Черчесов қатал маман болса, Адиев керісінше. Екеуімен де істес болмаппын, бірақ естігенімнен осындай ой түйіп отырмын. Черчесовтың қаталдығымен қатар ойын схемасындағы өзгерістерін ескерсек, құраманың кілтін таба алмады ма, кім біледі... Адиев бір кілтін тапқандай көрінеді, мүмкін, Қазақстандағы бес қорғаушымен, қорғана жүріп шабуылдайтын ойын жүйесіне тиіспегендіктен бе, әйтеуір жолы болды. Бәлкім, Черчесов ендіргісі келген Еуропалық футболға біз әлі дайын болмадық па, төрт қорғаушымен шабуылдайтын, допты ұстайтын мәнерге бой үйрете алмай келеміз бе?... Бәрібір күтуге тура келеді, С Лигасындағы қарсыластарымызбен бір нәтижені көріп қалармыз. Қазіргі ойын мәнері соларға қарсы өзінің жемісін беріп қалар. Десе де, Адиевтің ойыншылардың тілін табуда және ойын жүйесін таңдауда қателеспегені анық болып отыр. Қос бапкердің арасындағы негізгі айырмашылық та осында деп ойлаймын. Ары қарай қалай болатынын тосамыз, бірақ Черчесовтың ойлағаны іске аспай тұр. Одан кейін тағы бір нәрсені ескерген жөн – Адиевтің істеген жылы ерекше сәтті кезең болды, толағай табыстарға жеттік. Сәттілік серік болды деген осы. Данияға ұтылып жатып, 3:2 мен жеңіп кеттік. Сырт алаңда Финляндияны қапы қалдырып, басқа да кездесулерде ұпай еншілеген жайымыз болды. 18 ұпай жинадық. Ал енді В Лигасына қатысты, басында-ақ айтқам бұл командалардың деңгейі туралы және қандай жағдайда да біз төртінші орын алатынымыз анық еді. Адиевпен де солай болар еді. Мүмкін, қазіргіден көбірек ұпай еншілеп, голды азырақ жіберер ме ек. Өйткені, екі бапкердің ойын жүйесі екі бөлек. Қалай дегенде де, бәрібір төртінші сатыдан бірақ шығатынымыз түсінікті еді. Бұл жалғыз менің ғана ойым емес, біразының пікірі осындай шығар.    

- Магомед Адиев Әділет Бәрменқұловтың тұсындағы ҚФФ жұмысына жоғары баға берген еді. Алмас Жақанұлы, Қазақстанның былтырғы Ұлттар Лигасындағы нәтижелерінде Әділет Назарбайұлы мен отандық функционерлердің үлесі қаншалықты?

- Магомед Мұсаұлының клубтық деңгейде ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі жоқ. Шыны керек, құрамаға шақырғанда да таңқалдық. Күтпеген жағдай болды. Бірақ мұның дұрыс шешім екенін уақыт көрсетті. Айтқанымдай, барлығы бап келіп, өте сәтті жыл болды. Жалпы, клубтық және құрама бапкері деген ұғым бар. Адиевтің құрамадағы жұмысы қандай, ал бірақ «Ахматқа» барған кезде олай болған жоқ. Басында иә, нәтиже көрсеткен, бірақ команданы жеке өзі тізгіндеген соң мүлде басқа жағдай орын алды. Сол үшін де жұмысынан кетіп тынды. Әділет Назарбайұлының шешімі таңқалдырғанымен, бірақ қайырлы болды. Командада сәтті-сәтсіз маусым деген бар, Адиевке соның сәтті кезеңі бұйырып тұр ғой. Бірақ, есесіне чемпионатта біраз түсініксіз жағдайларға куә болдық. Төрешілер жұмысына қатысты дау-дамайлар... «Елімай» Екінші лигадан аттып өтті, бұл жағдай да таңқалдырды. Оны кімнің, қалай қабылдағанын білмеймін, бірақ спорттық принциптерге сәйкес шешім емес еді. Одан кейін әрине легионерлерге қатысты мәселе, түсінікті бұл жалғыз Әділет Бәрменқұловтың шешімі емес, атқару комитетінің де қатысы бар. Бұл - біздің футболға жасалған қастандық! Қазақстан жастар құрамасымен жұмыс істегенде көрдім, футболшылардың ойын тәжірибесі жоқ, керек адамыңды таңдау мүмкін емес. Сондықтан, қазір легионерлерге лимит қою мәселесін біржақты ету керек. Құрамаға футболшылар тартып, жас футболшыларды шыңдауды ойласақ, бұл кезек күттірмейтін мәселе. Әділет Назарбайұлының кезінде құрама үшін жайлы болған шығар, бірақ бәрібір чемпионат барысында біраз келеңсіздіктердің орын алғанын жасыра алмаймыз. Футбол федерациясында жұмыс істеген емеспін, президентімен де таныстығым жоқ, сол үшін баға беретін де мен емес. Барлығымызды жұмысымыздың нәтижесіне қарап бағалайды, меніңше, 3 немесе 4 деген бағаға лайық.

- Әңгімеңізге көп рахмет, сәттілік тілейміз! 

- Сіздерге де рахмет.   

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×