Облыстық прокуратураның І басқарма бастығы Маратбек Мырзамұратовтың айтуынша, дәл осы жолмен ел ішінде болатын араздықтың алдын алуға болады екен.
Тамыз айында Ақтөбе өз алаңында Польшаның «Легия» командасын қабылдап, ойында жеңілген болатын. Дәл сол күні түнде екі команданың жанкүйерлері төбелесіп, орталықтың астан-кестенін шығарды. Жақын маңдағы кафенің орындықтарын қиратып, кәсіпкерді шығынға батырған болатын. «Осыған ұқсас жағдай өткен жылы киевтік «Динамо» командасымен ойын алдында да болды. Сол кезде жедел іс-шаралар арқылы қақтығысқа жол берілген жоқ. Енді облыстық прокуратура футбол матчтарын өткізу кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибелеріне жүгінуді ұсынады. Анықталғандай, Еуропа елдерінде аса жоғары қауіп тудыратын жанкүйерлер мен фанаттар туралы деректермен алмасу үшін фанаттардың қозғалысын бақылау жүйесі, яғни Ұлттық футболдың ақпараттық пункттері бар екен. Ақпараттармен алмасу мақсаты – осындай бүлдіргіш фанаттарды, олардың елге кіруіне тыйым салу арқылы халықаралық спорттық іс-шараларға қатыстырмау болып табылады» дейді М.Мырзамұратов. Оның айтуынша, Ресейде ақпараттық пункттер жоқ. Дегенмен, олар деректермен алмасу жұмыстарында белсенділік танытып, жанкүйерлер туралы материалдар халықаралық полицей арналары бойынша беріледі екен.
– Облыс прокуратурасы қазақстандық командалардың халықаралық деңгейдегі әртүрлі чемпионаттардағы белсенділігін ескеріп, бұзақы, іріткі салушы жанкүйерлердің жолын кеспек. Ол үшін Еуроодақ және ТМД елдерінің құқық қорғау құрылымдары арасында ақпарат алмасу тәртібін реттейтін нормативтік актілерді әзірлеу бастамасын қолға алды, – дейді басқарма басшысы М.Мырзамұратов.
Алтынай САҒЫНДЫҚОВА, Ақтөбе облысы