
Қазақстан ұлттық құрамасының футболшысы Георгий Жуков үш жылдық үзілістен кейін ұлттық командаға қайта оралуына байланысты өз пікірін білдірді.
“Мен өте қуаныштымын. Ұзақ уақыт бойы ұсынысты күттім, еш мойымадым және осындай күннің туатынына сендім. Бір мақсатым тағы да орындалды деуге болады. Сондықтан өте бақыттымын және маған сенім артып, мүмкіндік берген бапкерлер құрамына алғысымды білдіремін. Жағдайым өте жақсы. Мұнда бұрыннан білетін жігіттер бар. Сонымен қатар, командаға жас ойыншылар да көптеп қосылған. Оларды сырттай білетінмін, енді өз көзіммен көріп, жақын таныстым. Бұл – жаңа буын, ал мен енді жас ойыншы емеспін. Біз, тәжірибелі футболшылар, оларға үлгі болып, дамуына көмектесуіміз керек. Алдағы күндерге үлкен үмітпен қараймын”, – деді Жуков.
Қазіргі уақытта Жуков Польшаның «Пуща» клубында өнер көрсетеді. Ол бұл командаға қаңтардың соңында қосылып, Экстракласа аясында жеті матч өткізіп үлгерген. Қазақстан құрамасының сапында 21 ойын өткізді.
Айболат ӨНЕР
Біздің серіктес: FONBET