ӘЧ-2026 іріктеу кезеңі: Лихтейнштейнмен ойында не күтеміз?

10.10.2025, 14:13

Бүгін, 10 қазан күні «Astana Arena» стадионында футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Лихтейнштейнді қабылдайды. 

ӘЧ-2026 іріктеу кезеңі: Лихтейнштейнмен ойында не күтеміз?

Лихтейнштейн қандай қарсылас?

40 мың ғана тұрғыны бар Лихтейнштейн құрамасының барлық ойыншылары 575 мың еуроға бағаланады. Салыстырмалы түрде Қазақстан футболшылары 17,15 млн еуроны құрайды. Әлемдік рейтингте 204 орында орналасқан. Көктемде Лихтенштейн жерінде өткен матчта Қазақстан құрамасының 0:2 есебімен жеңгенін ескерсек, айқын фаворитті айту оңай. Бас бапкердің өзі де 0:0 есебімен келісуге дайын екендігін мәлімдеді. Өте әлсіз құрама саналғанымен, Лихтейнштейн 2024 жылы Гонконгты жолдастық ойында 1:0 есебімен жеңіп, азулы Румыниямен (35 соққы жасаған) тең түскенін де айта кетейік.

Қазақстан өз тарихында микро мемлекеттермен бірнеше ойын өткізіп үлгерді. Үнемі фаворит саналғанымен, ресми ойындарда 2018 жылы Андоррамен (1:1), 2014 жылы Фарер аралдарымен (1:1) тең түскен жайттар тіркелген.

Қазақстан құрамасында қандай өзгерістер бар?

Ұлттық құраманың тізімі шыққан бетте көпшілік кейінгі 1,5 айда «Жетісу» сапында бір ғана ойын өткізген Дінмұхаммед Қашкеннің шақыртылуына қатты көңіл аударды. Алайда құрамдағы өзге өзгерістер де біршама.

Бактиер Зайнутдинов – Қазақстан ұлттық құрамасының ең үздік сұрмергені бұған дейін 2024 жылы 17 қарашада ғана Норвегияға қарсы кездесуде алаңға шыққан. Одан бері футболшы ұзақ уақыт бойы жарақатынан айығып, «Бешикташ» сапынан кетіп және Ресей Премьер-лигасындағы «Динамоға» ауысып үлгерді. Қыркүйек айында негізгі құрамға оралған футболшы енді Қазақстан құрамасына қайта көмегін тигізуге дайын.

Қақпашылар мәселесі. «Қайрат» клубының негізгі қақпашылары Александр Заруцкий мен Темірлан Анарбековтың жарақат алуынан кейін, ұлттық құрамада қай қақпашының алаңға шығатыны беймәлім. «Астана» клубының қақпашысы Мұхаммеджан Сейсен өткен айда 1 ғана ойында жасыл алаңға шықты. Стас Покатилов Әзербайжанның «Сабах» клубында кейінгі 4 матчта 1 ғана гол өткізгенімен, Беларуське қарсы жолдастық ойындағы өрескел қателігін көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Бекхан Шайзада («Ордабасы») мен Қажымұқан Төлепбергенге («Оқжетпес») қаншалықты сенім артылады екен? Айта кетейік, 2025 жылы ұлттық құрамада 4 қақпашы тұрып үлгерді.

Кадрлық мәселелер. Осы маусымның жарық жұлдызына айналған Дастан Сәтпаев, Еркін Тапалов (екеуі де «Қайрат»), Сергей Малый, Ұлар Жақсыбаев (екеуі де «Ордабасы»), Абат Айымбетов (клубсыз жүр), Серікжан Мужиков («Оқжетпес»), Сұлтанбек Астанов («Ордабасы») түрлі себептермен алдағы ойындарға қатыса алмайды.

Кімдер жаңадан шақыртылды?

Бұл тізімге Арсен Әшірбек, Қажымұқан Төлепберген («Оқжетпес»), Сағи Совет («Жеңіс»), Дінмұхаммед Қашкен («Жетісу»), Алмас Төлебай («Елімай») кіреді.

Қандай ерекшеліктер бар?

Қазақстан құрамасы өз алаңында 2 жылдан бері жеңіске жете алмай келеді. 2023 жылы жігіттеріміз Сан-Мариноны 3:1 есебімен жеңгеннен кейін жеңістің дәмін тата алмай жүр. Сондай-ақ, осы жолы ұлттық құраманы бас бапкердің міндетін атқарушы Талғат Байсуфиновке сеніп тапсырылды. Бұл маман бұған дейін 2016 және 2021 жылдары да Қазақстан құрамасымен 18 матч өткізіп, 3 жолдастық ойында (Қытай, Тәжікстан, Әзербайжан) жеңіске жеткен. Ресми кездесулерде Польшамен (2:2), Румыния (0:0), Украина (2:2, 1:1), Босния және Герцеговина (2:2) елдерімен соңғы минутқа дейін жан алысып, жан берісіп, тең түскен.

Айта кетейік, Қазақстан – Лихтейнштейн арасындағы ойын кешкі 19:00-де басталады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 1
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

футбол
Aladop Youtube
×