«Челси» ағылшын кубогының иегері

06.05.2012, 09:35
«Челси»  ағылшын кубогының иегері
              Ағылшын кубогының финалына «Челси» мен «Ливерпуль» шыққан болатын. Бір-біріне ескі қарсылас болып саналатын қос ұжым арасындағы финал да тартысқа толы болды. «Челси» командасы «Уэмбли» стадионындағы жиналған жанкүйерлеріне жеңіс сыйлады. Лондондық команда соңғы рет ағылшын кубогын 2009-2010 жылдары екі рет қатарынан иеленген екен. Міне, енді «Ливерпульді» 2:1 есебімен жеңіп, ағылшын кубогын өз тарихында 7-ші рет еншілеп отыр. «Челси» мен «Ливерпуль»  командалары ағылшын кубогының финалында бұрын-соңды кездеспеген екен. Бұл финал есте қаларлықтай болды. «Уэмбли» стадионына жиналған жанкүйер қауым сүйікті командаларына қолдауын аямады. Ойын алғашқы минуттардан-ақ қарқынды басталды. Өз адуынын күшейте түскен «ақсүйектер» ойынның 11минутында-ақ есепті ашты. Х.Матаның тамаша пасынан кейін Рамирес таблодағы көрсеткішті өзгертті. Алайда бұл голдан кейін алаңдағы ойынның қарқыны бәсеңдегендей көрінді. Доп орталық алаңда көп айналып жүріп алды. Ойынның алғашқы таймында лондондықтар бірнеше қауіпті шабуылдар жасады. Екі команда да, бір-бір ойыншыға алғашқы таймда сары қағаз көрсетілді. Екінші тайм басталысымен «Челси» тағы да өз шабуылымен атойын бастады. Бұл шабуылдар да өз нәтижесін берді. 52 минутта Ф.Лэмпардттың асырған пасын тамаша пайдаланған Д.Дрогба қарсылас қақпасына екінші допты тоғытты. Есеп 2:0. Араға 3 минут салып «Ливерпуль» сапынан ойыншы алмасты. Джей Спиринг орнына Энди Кэррол кірді. 63 минутта Лэмпардттың бағыттаған соққысы қақпадан сәл ғана қиыс кетті. «Сен соқпасаң – мен соғамын» деген қағиданы ұстанғандай, ливерпульдік команда есепті еселеді. Гол авторы алаңға жаңадан кірген Э.Кэррол. Одан кейін Джерард бастаған жігіттер шабуылдарын үдете түсті. 73 минуттағы Суарес соққысын қақпашы Чех қайтара білді. Ойынның қызығы 82 минутта болды. Суарестің әуелете көтерген пасын Э.Кэррол қарсылас қақпасына тура бағыттады,алайда қақпашы қайтарғанмен, гол енгендей болып көрінген болатын.Бірақ та төрешілер бұл допты есептемеді. Бұл сәттегі шешім біраз дау тудырары да сөзсіз. Осылайша төреші ысқырығы да естіліп «Челси» ағылшын кубогының 7-ші рет иегері атанды. «Челси» ойыншысы Э.Коул өз футбол карьерасында 7 рет ағылшын кубогын жеңген екен. Бұл ағылшын футбол тарихындағы рекордтардың бірі болып саналады. Ал ағылшын кубогын ең көп еншілеген команда ол – «МЮ». Бұл команда өз тарихында ағылшын кубогын 11 рет жеңіп алған.

Өмірбек  САНСЫЗБАЙ

   
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×