"Челси"-"Бавария": матч қарсаңында

26.02.2020, 04:30
"Челси"-"Бавария": матч қарсаңында

Бүгін Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі аясында "Челси" өз алаңында "Баварияны" қабылдайды.

Тартыс тарихынан

Бұл екі ұжым арасындағы 5-матч болғалы тұр (4-еуі еуро бәсекеде, біреуі жолдастық ойында). Жалпы "Челси" бір, "Бавария" екі кездесуде жеңсе, қалған 2 ойын тең аяқталған. Бір қызығы доп айырмасы 11-11. Яғни, әр ойында орта есеппен 2 голдан соғылған. Демек, бүгінгі жасыл алаңдағы додада екі тарап та доп тоғытуы әбден мүмкін.

Transfermarkt не дейді?

Осы орайда немістің transfermarkt порталының мәліметіне сүйенсек, екі команда құрамы тең дәрежеде деуге болады. Мәселен, Мюнхен ұжымының барлық футболшыларының құны - 883,7 миллион еуро. Ал Лондон ұжымынікі - 843 миллион.

Естен кетпес финал

Жалпы екі ұжым тарихында естен кетпес кездесу 2011-12 жылғы Чемпиондар лигасының финалында өтті. Мюнхендегі "Альянц Аренада" өткен матчта "Челси" қайсарлық танытып, мінез көрсете білді. 88-минутта Дидье Дрогба таразы басын теңестірген ойын пенальтилер сериясында ағылшын клубының жеңісімен (4:3) аяқталды.
Араға 8 жыл салып "Бавария" сапындағы Мануэль Нойер, Жером Боатенг пен Томас Мюллер сол кезде кеткен есені қайтаруға тырыспақ. Ал қазіргі "Челсиде" сол ерлікке үлес қосқан футболшы жоқ. Алайда неміс командасымен қалай ойнау керегін білетін Фрэнк Лэмпард бас бапкер, сол пенальтилер сериясында қаһарман атанған Петр Чех клубтың техникалық директоры. Сонымен қоса, "Лэмпс" "Бавария" қақпасына екі рет пенальтиден доп тоғытқан.

Шамкен БАЙЫРБЕК.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×