«Челси» клубының өкілдері «Қайрат» базасына келді.
Бұл туралы алматылық команданың қожайыны Қайрат Боранбаев мәлімдеген болатын. Лондондық клубтың мамандары Дастан Сәтпаевтан бөлек, тағы бірнеше футболшыны бақылау мақсатымен жүр деген ақпарат бар. Олардың назарын әсіресе Азамат Тұяқбаев аударған ұқсайды. Әйтсе де, «Қайрат» өкілдері бұл туралы толыққанды ақпарат беруден аулақ болып отыр.
«Алматыда «Челси» мамандарын қарсы алғаныма қуаныштымын. Алекс пен Сэм «Қайраттың» оқу-жаттығу базасында біздің бапкерлер құрамымен бірлесіп нәтижелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар Дастан Сәтпаевтың оңалту үдерісін де жеке талқыладық. Британиялық мамандар оның қалыпқа келуіне көмектесіп қана қоймай, алаңда да, жаттығу залында да дене дайындығы бойынша өз тәжірибелерімен бөлісуде.
Дастанның тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Көптен күткен жаңа маусым жақын қалды», – деп жазды клубтың Бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев өзінің Instagram парақшасында.
17 жастағы Дастан Сәтпаевтың «Қайраттан» «Челсиге» ауысуы жөніндегі ресми келісім былтыр ақпанда расталған. Алматылық клуб түлегі 18 жасқа толғаннан кейін, биылғы жылдың тамызында «Челсиге» қосылады. Трансфер құны шамамен 4 миллион еуроға бағаланып отыр. Ал қазіргі күні Д. Сәтпаев жарақатынан кейін оңалту кезеңінен өтуде. Ол соңғы рет былтырғы қарашада Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші турда «Копенгаген» командасына қарсы ойында (2:3) алаңға шығып, бір гол соққан еді.