Чемпиондар лигасы. Алғашқы тур аяқталды!

Қай команда топ жаруы мүмкін? Қандай командалар сенсация жасауға қауқарлы? Талқылап көрейік!

Чемпиондар лигасы. Алғашқы тур аяқталды!

Жаңа формат, жаңа есімдер!

ЖАҢА ФОРМАТТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ?

Чемпиондардың лигасы алғашқы турды артқа қалдырды. Өздеріңіз көргендей алғашқы күні толассыз голға куә болып, кезекті жарыс күнінде күтпеген нәтижелер тіркелді. Бір қызығы, футбол мерекесі 2 күн емес, 3 күнге созылды. Бұның өзі жаңа форматтың, өзгерістің көрінісі. Жаңа формат демекші, осы маусымда 32 емес, 36 команда бақ сынауда. Бұрынғы топтық кезең – жалпы кезең деген атауға ие болды. Онда әрбір команда әртүрлі 8 командаға қарсы 8 ойын өткізеді. Барлық матчтар қорытындысы бойынша лиганың турнирлік кестесі түзіледі. Жалпы кезеңнің 8 үздік командасы 1/8 финалға бірден жолдама алады. Ал, 9-дан 24-ке дейінгі орын иеленген ұжымдар 1/16 финалда қос кездесуден өткізіп, жеңімпаздары 8 үздіктің қатарына қосылады. 25-36 орын алған командалар үшін еурокубок маусымы аяқталады. Олар бұрынғыдай Еуропа лигасында жарысты жалғастыра алмайды. 

ҚАЙ КОМАНДАЛАР ФАВОРИТ?

Биылғы маусымда чемпион болуға қауқары жететін командалардың қарасы көп. Қауқары жетеді деп негізінен тәжірибелі ұжымдарды айтамыз. 

Чемпиондар лигасын жеңуді әдетке айналдырған Мадридтік «Реал» әрқашан негізгі рөл атқаратын клубтардың бірі. Биыл Джуд Беллингемнің жоғары деңгейде өнер көрсетуі және Винисиус Жуниор, Мбаппе мен Родриго секілді ойыншылардың шабуылда жарқырауы, мақсатқа деген қадамды нығайта түсетіні анық. Кубокқа тойымсыз бұл команда үшін Чемпиондар лигасын ұту әшейін сәнге айналған. 

Ендігі әңгіме қарсылас қақпасына толассыз гол соғатын «Бавария» командасы жайлы. Томас Тухель бастаған жігіттер көзге көрінгенді, сөзге келмей жапыруда. Алғашқы ойындағы әңгіме “цензурамен” айтылатыны анық. Кезекті командаларды да осылай талқандайтын болса, футболшылардың қорқынышты түсі болуы бек мүмкін. «Динамо Загребке» “детская  травма” беріп кеткен бұл жігіттер, үздіктер қатарынан көрінеді деп сенеміз. 

Келесі кезекте қарқыны қатты «қалалықтар». Құрамында Асау сарысы бар, Гвардиола бастаған жігіттер кем дегенде ширек финалдан көрінеді. Бұл сөзімізге желеу ретінде соңғы маусымдарға бір көз жүгіртіп өтейік. 2019/20 жылғы маусымда ширек финалда «Лионнан» сүрінсе, 2020/21 жылғы маусымда ақтық сында «Челси» командасынан минималды есеппен жеңілген еді. Ал, 2021/22 жылы Бенземаның ғаламат дәуірі кезінде бұл команданың жоспары жүзеге аспады. Діттеген мақсатына 2022/23 жылы жеткен еді. Финалда «Интерден» айласын асырып, жеңіске жетті. Өткен маусымда Мадридтің «Реалы» тосқауыл бола білді. Сондықтан осы жылы да жақсы нәтиже тіркейді деп күтеміз. Әлде, Асауға тұсау табыла ма? 

Бұл тізімнен «Ливерпуль» ұжымын алып тастау қате болар. Олардың да осы уақытқа дейінгі еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, бапкер алмастырған бұл клуб, тың дүниемен таңғалдыруы әбден мүмкін. Сондықтан, мықтылар қатарынан көрінеді деп топшылаймыз. Бапкер алмасқанмен ойыншылардың біліктілігі мен жеңіске деген құштарлығы жоғалмағаны анық. Ішкі турнирде алғашқы қадамдарын сенімді түрде басқан тәжірибелі команда чемпиондардың чемпионы болуға үміткер.  

Былтырғы ЕЛ чемпиондары «Аталанта» өз бағын сынайды. Әрине, ЧЛ бөлек деңгей. Әйтсе де, бұл жігіттер Хаби Алонсоның жеңіліссіз жорығын тоқтатты.  Лукманның сұрапыл ойыны командаға жеңіс сыйлады. Былтырғы қарқынын жоғалтпаса, биыл да жақсы нәтижемен көзге түседі деп сенеміз. 

ҚАЙ КОМАНДАЛАР СЕНСАЦИЯ ЖАСАУЫ МҮМКІН?

«Селтик» 2024/25 жылғы Чемпиондар Лигасында сенсация жасауы мүмкін командалардың бірі. Бұл шотландиялық клуб еуропалық аренада терең тарихқа ие және үлкен клубтармен бәсекеге түсіп, таңғаларлық нәтижелер көрсетуге қабілетті. «Селтик» алғашқы ойында «Слован Братислава» қақпасына 5 гол соққан еді. Қарсыласын сенімді түрде жеңген команда үшін, бұл кезекті турға мотивация. «Селтик» 1967 жылы Чемпиондар Лигасының (сол кездегі Еуропа Чемпиондар Кубогы) жеңімпазы болған. Бұл команданың еуропалық ареналарда мол тәжірибесі бар. «Селтик Парк» (Celtic Park) стадионында өтетін ойындарда клубты қолдаушы жанкүйерлердің атмосферасы ерекше. Бұл қарсыластарға психологиялық қысым жасап, команданың өз алаңында жақсы өнер көрсетуіне үлкен әсер етеді.

«Байер Леверкузен». Германиялықтар соңғы жылдары қайтадан өз деңгейін көтеріп алды. Еуропалық аренада көзге түсуге дайын. Команданың бас бапкері Хаби Алонсо, командаға жаңа дем беріп, ойын стилін жақсартып, тұрақты нәтижелерге жетуде.

Хаби Алонсо басшылығында тактикалық тұрғыдан мығым командаға айналды. Ол өзінің ойыншы кезіндегі тәжірибесін қолданып, команданың қорғанысы мен шабуылын жақсы үйлестіріп, жігіттерді жаңа деңгейге көтерді. «Байерде»көптеген талантты және жас ойыншылар бар. Флориан Виртц секілді жарқын жұлдыздар ерекше ойын өрнегімен команданы алға сүйреуде. Командадағы жылдам әрі техникалық шеберлігі жоғары ойыншыларға қарсы өнер көрсету әрдайым қауіпті болады. Тағы бір дүние “жеңіске деген құмарлық”. 

«Байер» бірнеше жыл бойы өз елінде де, Еуропада да жүлделерден тыс қалып келеді. Алайда клубтың қазіргі күйі мен құрамы Чемпиондар Лигасында жарқырап, сенсация жасауға дайын екенін көрсетеді.

Кезекті әңгіме «Астон Вилла» жайлы. Испандық бапкер Унаи Эмери Еуропа Лигасы мен басқа еуропалық жарыстарда табысты жұмыс істеген тәжірибелі бапкер. Ол команданың қорғанысын күшейтіп, тиімді тактика арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізе алады. Оның еуропалық жарыстардағы тәжірибесі «Астон Виллаға» үлкен пайдасын тигізеді.

Командының қазіргі құрамы әр түрлі талантты ойыншылармен толыға түсті. Тағы бір қосатын дүние, ұзақ уақыт бойы еуропалық жарыстардан тыс қалғандықтан, олар қазір әр ойында өздерін жақсы көрсетуге және көбірек жүлделерге қол жеткізуге тырысады. Унаидың тактикалық сауаттылығы команда жігіттерінің алға сенімді қадам басуына үлкен көмегін тигізеді. Мінекей, біз осылай топшыладық. Сіздің ойыңызша қай команда топ жарып, қандай ұжымдар сенсация тіркеуі мүмкін?

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 8
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×