Чемпиондар Лигасы. Плей-офф алдындағы ой. 2-ші бөлім

23.02.2015, 22:14
Чемпиондар Лигасы. Плей-офф алдындағы ой. 2-ші бөлім
Чемпиондар Лигасы сейсенбі-сәрсенбі күндері тағы да төрт кездесуін көрермендерге ұсынады. Өткен аптанының ортасындағы ойындардың бүкілі тартысты өтті деп айта алмаймыз. Бәрінде дерлік классикалық есептер тіркелді. Алаң иелері шабуылдауға тырысты("Шалькеден" басқа), қонақтар тиімді есепті ұстап тұруға бар күшін салды. Алдымыздағы кездесулер, плей-оффтың қатаң тәртібінен ауытқып, ашық, тартысты ойын көрсетеді деген үміттеміз. Аладоп сайты, әдеттегідей апта ортасындағы кездесулерге матч алдындағы сараптамалық-шолуын жасамақ.  "Ювентус"-"Боруссия Д" 24-ші ақпан. "Ювентус" стадионы. 01:45 Уақыт өте келе дағдарыстан шығып келе жатқан дортмундықтар Италияның бүгінгі таңдағы сөзсіз императоры туриндік "Ювентусқа" баратын болады. Марко Ройс алпауыт клубтардың бетін қайтарып, өзің әлемдік деңгейге көтерген Клопп пен "Боруссияның" басына қиындық түскенде тастап кетпейтінін білдіріп, жаңа келісім-шартқа отырғаны да дортмундықтарға күш берген секілді. Сол жағдай орын алысымен команда қатарынан үш ойында жеңіске жетті. Турнир кестесінің ортасына дейін көтерілді. "Ювентусқа" Италияда қарсылас жоқ болса да, бұл команда Чемпиондар Лигасында екінші санаттағы ұжым. Оның бірден-бір себебі Италия А сериясының деңгейінің төмендеуі. Екі жыл бұрын ширек финалда тоқтаса, былтыр тіпті топтан да шыға алмады. Осы маусымда былтырғы финалист "Атлетикомен", грекиялық "Олимпиакос", швециялық "Мальмемен" бір топқа түсіп, плей-оффқа екінші орынмен жолдама алды. Соқыр жеребе ширек финалға жолдама алуға әбден лайықты екі команданы жолын түйістіріп қойды. Амал жоқ, екі ұжымның бірімен қош айтысуға тура келеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл матчтың да, жалпы алғанда жұптың да фавориті Италия чемпиондары. Бірақ, "Боруссияның" осы жылы Бундеслига мен Чемпиондар Лигасында екі түрлі өнер көрсеткенін ескерген жөн. Ішкі біріншіліктің соңғы орындарында жүрсе де, еурокубокте "Арсеналды" өз алаңында тас-талқан еткені есімізде. Клопп жігіттері Чемпиондар Лигасында алаңға шыққанда, ерекше ішкі дайындықпен шығады. Екіншіден, Бундеслига мен А сериясы екі әлем. Онымен қоса, "Аталанта", "Кьево" секілді командаларды жеңуі басқа да, Боруссияға қарсы ойнау басқа. Сондықтан, бұл жұптың шама-шарқы, келесі кезеңге жолдама алу көрсеткіші екі командада да тең деп қарағанымыз дұрыс болар. "Байер"-"Атлетико" 25-ші ақпан. "БайАрена" стадионы. 01:45 Бундеслигадағы ең жанкешті командаларының бірі Испания чемпионын қабылдайды. "Атлетико" топта бірінші орын алып шықса, леверкузендік команда "Зенит" пен "Бенфиканы" артта қалдырып, "Монакоға" жол беріп екінші орынмен плей-оффқа жолдама алған-тұғын. Яғни, жеребенің оңтайлы түсуінің арқасында өзімен деңгейлес командалармен жолықты. 1/8 финал. Mіне сізге қарсылас! Былтыр Чемпиондар Лигасының жеңісін 91-ші минутқа дейін ұстап тұрған "матрасниктер". Бұл жұптан фаворитті айқындап алу қиындыққа соқпайды. "Байер" ішкі біріншілікте 3 ойын қатарынан жеңіске жете алмай келеді. Қорғаныста тұрақтылық жоқ, бір апта бұрын "Вольфсбург" 5 гол соғып, қалай ойнау керектігін "Атлетикоға" көрсетіп берген еді. Ал, қонақта тас қамалша бекініп, қарсы шабуылын міндетті түрде қауіпті жағдаймен аяқтайтын Симоне командасы үшін бұл нағыз мүмкіндік. "Матрасниктерге" қарсы ойнау үшін не қорғанысын бекем болу керек, не шабуыл өтін Месси, Неймар, Суарес секілді жұлдыздардан тұру керек. Ал, бұл екі аргумент те жоқ кезде баскесер "Атлетикоға" қарсы алаңға шығудың өзі өліммен пара-пар. Мадридтіктер "Бай-Аренадан" жеңісті, немесе өзіне ыңғайлы тең нәтижені еншілеуі тиіс. "Арсенал"-"Монако" 25-ші ақпан. "Эмирейтс" стадионы. 01:45 Жазда Хамес Родригес пен Фалькао кеткенде, Клаудио Ранери жаттықтыруға бас тартқанда "Монако" құрдымға кететіндей көрінген.Бірақ, іс жүзінде Францияда жоғарғы орындарға таласып жүр, Чемпиондар Лигасында араға 10 жыл салып, 1/8 финалда. Жаттықырушылық мансабында Португалияның "Спортингінен" әрi көтерілмеген Леонарду Жардим есімді маман қысқа уақыт ішінде жұлдыздарсыз да жоғары нәтижеге үшін күресе алатын ұжым құрды. "Арсенал" екі жыл қатарынан "Баварияға" түсіп, 1/8 финалда-ақ жарыс жолын тоқтатуға мәжбүр болған еді. Осы жылы жеребе рақымшылық танытып, 10 жылдан бері Чемпиондар Лигасын көрмеген "Монаконы" "сыйлады". Арсен Венгер үш жылдан бері бірінші рет ширек финалға шығатын зор мүмкіндік туып тұрғанын жақсы түсінеді. Әрине, фаворит "Арсенал" екенін жоққа шығармаймыз. "Монако" қорғаныс арқылы ойнайтын команда. Сүйікті есебі 1:0 екені осы аңғартады. "Бастысы гол өткізбесек болды, шабуылда Бербатов бастаған жігіттер бірдене ойлап табар"- деген қағиданы ұстанады. Топта да 6 ойында 4 гол салып, қақпаға 1 гол ғана өткізді. Бірақ, нәтиже бар. Сондықтан, "Арсенал" үшін қарсылас қорғанысын бұзу оңайға соқпас. "Манчестер Сити"-"Барселона" 24-ші ақпан, "Этихад" стадионы. 01:45 Екінші маусым қатарынан екі команда 1/8 финалда кездесіп отыр. Былтыр "блауграна" екі ойында да басым түскен болатын. Бұл жылы қалай болмақ? Былтырғы қателігінен Пеллегрини сабақ алды ма? Пеллегрини екі жыл қатарынан "Малаганы" тізгінінде болғанын білеміз. Малага емес, жұлдызды Манчестер Ситиді баптап жатқанын былтыр ұмытқан болуы керек, екі кездесуде де қорғаныс арқылы ойнады. Команданда Агуэро, Сильва, Насри секілді футболшылар бар кезде қорғаныс арқылы ойнаудың қажеті шамалы. Тіпті ол "Барселона" болса да. Соның нәтижесінде екі кездесуде де сөзсіз тізе бүгіп, жарыс жолынан шыққан еді. Пеллегрини сонау, "Вильяреалды" жаттықтырғанда да,  2009-шы жылы "корольдік клубтық" баптағанда да, "Малагамен" "кәрі құрлықты" шулатқанда да, ақыр аяғы былтыр да католондықтардың механизміне қарсы қару таба алмаған еді. "Барсаның" сенбі күні өз алаңындағы жеңілісі бұл текетіресте "блаугрананың" фаворит екенін жоққа шығара алмайды. Ол жеңіліс бар ойы Манчестерде болған команданың жеңілісі. Ал, "Этихадта" мүлде басқа ойын болады. Егер де, "Барса" қаңтардың ортасындағы "Атлетикоға" қарсы матчтағыдай ойын көрсете алса, "қалалықтарда" тіпті тең ойнауға мүмкіндік болмайды. Қысқасы, бұл ойынның нәтижесі "Барсаның" көңіл-күйі қалай боларына байланысты.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×