Чемпиондар лигасы бүгін түнде Манчестер мен Леверкузенде өз жалғасын табады. Гвардиола баптайтын «Манчестер Сити» қарт құрлық үшін осы маусымдағы жұмбақ ұжымдардың бірі «Монаконы» қабылдаса, былтыр шешуші ойынға дейін жеткен «Атлетико» неміс жеріне қонаққа барады. Плей-офттың алғашқы сатысында алаң иелері қонақтарға дес бермей келеді. Өткен аптада өз үйіңде өнер көрсеткен команда жеңіске жетіп отырды.
Чемпиондар лигасы. 1/8 финал. Алғашқы ойын
21 ақпан. 01:45(Аст)
«Манчестер Сити»-«Монако»
«Этихад» стадионының қожайындары бүгінде АПЛ-дың екінші сатысында тұр. Соңғы кездегі команданың нәтижесі де жақсы. 4 ойында 10 ұпайға қол жеткізіпті. Дегенмен, қаңтардан бері әлемнің таңданысын туғызған Габриэл Жезуш жарақат алып, маусым соңына дейін алаңға шыға алмайтын болды. Анау-мынау емес, Серхио Агуэроның өзің қосалқы құрамға отырғызып тастаған 19 жастағы футболшысыз бүгінде «Манчестер Ситидің» алдыңғы шептегі ойынын елестету қиын.
«Монако» француз біріншілігінде көш бастап келеді. Бір жыл бұрын осыны елестете алар ма едіңіз? «ПСЖ»-дан екі ойында 4 ұпай тартып алды. Леонарду Жардим жігіттері ешбір команданың алдында тізе бүккілері жоқ. Бірі қызығы, команданың жұлдызды футболшыларының көбі жас. Мысалы, Бернарду Сильва 22-де, Фабиньо өткенде ғана 23 жасын тойлады, Тома Лема 21-ден енді асты, Мбаппе-Лоттин бар болғаны 18-де. Еуропадағы ең нәтижелі команданың бірі-осы «Монако». Чемпионатта 26 ойында 74 гол соғып тастапты. Ал, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде бір ойында ғана алаңнан нәтижелі соққысыз кетіпті.
Қос команда да көрікті ойын өрнегімен футбол сүйер қауымның көзайымы болып жүрген сөзсіз. Бірақ, «Манчестер Сити» де, «Монако» да бірінші минуттардан шабуылға тұра ұмтылмас. Екі матчтық текетірес, кейде, көп командаларды өз стилінен ауытқуға мәжбүр етеді. Гвардиола командасы үшін өз жеріңде гол жібермеген маңызды. Алдыңғы шепке бар күшті салмас, себебі, қорғаныстың мінсіз еместігін испандық маман жақсы түсінеді. Оның үстіне француздар қарымта шабуылда кешірмейді. Өте жылдам. «Монакоға» тең нәтиже тактикалық тұрғыдан өте тиімді. Өз алаңында ар мәселені шешіп алуға команданың қауқары жетеді.
21 ақпан. 01:45(Аст)
«Байер»-«Атлетико»
Екінші жыл қатарынан Симионе командасына 1/8 финалда аутсайдерлердің бірі түсіп отыр. Жеребенің сыйы шығар, «Атлетико» топтық кезеңде «Баварияны» басып озған еді.
«Байер» Бундеслиганың сегізінші орнына жайғасып тұр. Роджер Шмидт шәкірттерінің осал тұсы-қорғаныс болып тұр. Ішкі біріншілікте бүгінге дейін 30 гол өткізіпті. Әйткенмен, соңғы екі матчта сенімді жеңіске жетті. Ал, топтық кезеңде бірде-бір ойында жеңілмеген екен.
«Атлетиконың» ойынында регресс байқалатыны барша жұртқа мәлім. Премьерада алғашқы үштіктегі орнынан айырылды, команда өткен маусыммен салыстарғанда көп гол өткізді. Ал, маусымның аяқталуына әлі үш ай бар.
Жеңіске ұмтылатын Симионе командасын Леверкузенде көрмеуіміз әбден мүмкін. Мысалы, өткен жылғы плей-офтта «Атлетико» алғашқы ойында жеңіс тойын тойламапты. Келесі кезең тағдырын қарымта матчқа қалдырған. Симионе нәтижелі тең есепті қанағат тұтуы мүмкін. Ал, «Байер» бірінші ойында жеңіске жетпесе болмайды.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ