"Ақтөбе" футбол клубының спорттық директоры лауазымына нағыз футбол аңызы, Еуропалық деңгейдегі тәжірибелі маман Важа Тархнишвили тағайындалады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Важа Тархнишвили есімі Eуропалық футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс. Ол — Молдованың "Шериф” клубының тірі аңызы.
"Шериф” сапында 13 жыл бойы өнер көрсетіп, клубтың символына айналды. Оның құрметіне клуб “5” нөмірлі жейдені мәңгілікке қолданыстан алып тастаған.
Важа — Молдованың 11 дүркін чемпионы, 7 мәрте Кубок иегері және Достық Кубогының екі дүркін жеңімпазы.
Ойыншы мансабын аяқтаған соң, ол бірден әкімшілік жұмысқа білек сыбана кірісті. 2012 жылдан бастап спорттық директор, ал 2014 жылдан 2024 жылдың қарашасына дейін "Шерифтің" бас директоры қызметін атқарды.
Тархнишвили — тек қағаз жүзіндегі басшы емес, клубтың ішкі құрылымын, селекциялық саясатты және Еурокубоктарда қалай табысқа жету керек екенін іс жүзінде дәлелдеген маман. Оның басшылығымен "Шериф" Еуропа лигасы мен Чемпиондар лигасының топтық кезеңдерінде тұрақты өнер көрсетіп, тіпті Мадридтің "Реалын” “Сантьяго Бернабеуда” тізе бүктірген болатын.
Айта кетсек, ол футболшы мансабында Чемпиондар лигасы аясында елордалық “Жеңіс” қақпасына гол соққан болатын. Міне дәл осы гол Қазақ клубтарының қақпа торын қозғалтқан тарихтағы ең алғашқы гол.