Черепанов: “Федерация өз жұмысын қанағаттанарлықсыз деп мойындауы тиіс!”

13.09.2025, 08:15

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Павел Петрович Черепанов ұлттық құраманың бас бапкері Әли Әлиевті қолдап, Қазақстан футболындағы жүйелік мәселелерді қатты сынға алды.

Черепанов: “Федерация өз жұмысын қанағаттанарлықсыз деп мойындауы тиіс!”

Черепановтың айтуынша, ел чемпионатының қазіргі кестесі тұрақсыз және командалардың қалыпты дайындалуына мүмкіндік бермейді:

  • Матчтардың жиі шегерілуі,
  • Командалардың бір ай бойы ресми ойын өткізбей қалуы,
  • Кестенің ретсіздігі – мұның бәрі футболшылардың спорттық формасына кері әсер етуде.

"Бельгиямен өткен ойынды еске түсіріңіздер, біздің жігіттер бірінші таймның соңына қарай-ақ шаршап қалды. Бұл жерде бапкердің кінәсі жоқ, мейлі Әлиев болсын, мейлі Черчесов болсын. Негізгі себеп – тұрақсыз күнтізбе." – дейді маман.

Черепанов ҚФФ-ның Премьер лиганы өз бақылауына алып, Кәсіби футбол лигасын таратуын да сынға алды:

"Біз бұл қадаммен Еуропадағы ең артта қалған елдердің қатарына кірдік. Қазір Еуропада тек Қазақстан мен Лихтенштейнде ғана кәсіби лигалар жоқ. Бұл – клубтарды ресми түрде әуесқой футбол деңгейіне түсіру деген сөз."

Оның айтуынша, бұл жағдай заңдық тұрғыда да сұрақ тудырады: кәсіби футболшылардың, клубтардың мәртебесі қалай тіркеледі?

Черепановтың пікірінше, ҚФФ өз әрекеттері үшін жауапкершілік алып, ұлттық құраманың нашар нәтижесіне түрткі болған жүйелік проблемаларды мойындауы тиіс:

"Федерация өз жұмысын қанағаттанарлықсыз деп танып, өзін-өзі "жазалауы” керек. Өйткені ұлттық құраманың дамуына, бапкердің жұмысын жақсартуға және ойыншылардың спорттық формасын сақтауға қажетті жағдай жасай алмады."

Сонымен бірге ол Уэльспен өткен матчтағы ұлттық құраманың ойынына оң баға беріп, Әли Әлиевтің командаға жаңа серпін бергенін атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×