Қызылордалық "Қайсардың" жаңа ойыншысы, 28 жастағы Чилилік вингер Томас Джонс клуб сапына қалай қосылғаны және Қазақ футболына келудегі басты себептері туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Aladop.kz.
Айта кетейік, ол “Қасқырлар" тарихындағы Чили елінен келген алғашқы футболшы.
Әлеуметтік желі арқылы басталған келіссөз
Томас Джонстың айтуынша, клуб өкілдері оған алғаш рет әлеуметтік желілер арқылы шыққан. Кейіннен барлық ресми мәселелер футболшының агентімен талқыланыпты.
"Клуб маған әлеуметтік желі арқылы байланысқа шықты, содан кейін агентіммен келіссөздер жүргізді. Мен мұны жаңа мәдениетпен танысуға және басқа тіл үйренуге берілген тамаша мүмкіндік деп санаймын." — дейді ойыншы.
Қашықтықтан қорықпаған таңдау
Чили мен Қазақстанның арасы тым алыс болғанына қарамастан, Томас еш ойланбастан келісім берген. Оның айтуынша, шетелде доп тебу — бұрыннан келе жатқан арманы.
Ол әрқашан мансабын өзге елде жалғастыруды жоспарлаған. Ұсыныс хат түрінде келіп, кейін келісімшартқа ұласқан соң, шешім нақтыланған.
Отбасылық шешім
Жаңа клубқа ауысу туралы шешімді футболшы жарымен бірге ақылдаса отырып қабылдаған. Ол үшін отбасының жайлылығы мен болашағы бірінші орында тұрды.
"Біз жұбайыммен бірге бұл қадамның отбасымыз үшін қаншалықты пайдалы болатынын алдын ала талқыладық." — деп түйіндеді сөзін "Қайсардың”жаңа ойыншысы Prosports.kz сайтына берген сұхбатында.