Данияның “залымын” Швеция құрамасынан қуып жіберді

15.10.2025, 17:40

Скандинавия аймағында футбол әлемі тағы да дүрлікті. Соңғы күндері “Данияның залымы Швеция құрамасынан қуылды” деген сарында жаңалықтар жиі жарық көре бастады. Әңгіме – Швеция ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кеткен Дат маман Йон Даль Томассон туралы.

Данияның “залымын” Швеция құрамасынан қуып жіберді
Jon Dahl Tomasson

Бір кезде шабуылшы ретінде тамаша ойнаған Томассон бапкерлікке келген соң Швеция құрамасынан үлкен үміт күттірген еді. Бірақ 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы төрт матчта тек бір ғана жеңіс пен үш жеңіліс тіркелді. Бұл нәтиже – Швеция сынды мықты ел үшін үлкен сәтсіздік.

Жанкүйерлер де, сарапшылар да шыдамады. Даниялық маманды әзіл-шыны аралас “залым” деп атап, айыптың бәрін соған артып отыр. Алғашында оған сенім артқан Швеция футбол федерациясы енді сол шешімінің зардабын тартып отырғандай.

Негізі Швеция құрамасында жұлдыз ойыншылар аз емес. Ағылшын Премьер лигасының ең қымбат ойыншысы Александр Исак – команданың басты үміті. Сондай-ақ өткен маусымда Еуропадағы ең көп гол соққан “Арсеналдың” жаңа шабуылшысы Виктор Дьёкереш де құрамда бар. Бірақ мәселе – голдың жоқтығында. Шабуыл бар, нәтиже жоқ. Соңғы кездесулердің бірінде Швеция Косоводан 0:1 есебімен ұтылып, жанкүйерлердің сабыры түгесілді.

Сөйтіп, Томассонмен қош айтысты. Ал енді орнына кім келеді? Британ басылымдарының хабарлауынша, басты үміткерлердің бірі – “Челси” командасының бұрынғы бапкері Грэм Поттер. Бұл есімнің аталуына Швед жанкүйерлері екіұшты көзқарас танытып отыр. Бір “залымнан” құтылып, енді екіншісін шақырмақ па деген қалжың сөздер ел ішінде тарап кеткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×