
Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының жетінші турындағы алғашқы үш ойынның нәтижесі белгілі болды.
Қазақстан Премьер-лигасының кезекті турында көш басында келе жатқан алматылық «Қайрат» сырт алаңда Жезқазғанның «Ұлытау» клубымен кездесіп, 4:1 есебімен айқын жеңіске жетті.
Ойындағы есеп 30-минутта ашылды – алматылық клубтың 16 жастағы жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев биылғы маусымдағы бесінші голын соқты. Екінші таймда да «Қайрат» шабуылын үдете түсті. 48-минутта Александр Мартынович есепті ұлғайтса, 62-минутта Георги Зариа пенальтиден мүлт кеткен жоқ.
Матч барысында жарқыраған ойын көрсеткен Дастан Сәтпаев 68-минутта тағы бір гол соғып, жеке голдар санын алтыға жеткізді. Осылайша ол «Астана» клубының тәжірибелі жартылай қорғаушысы Марин Томасовпен теңесті.
Бұл жеңістен кейін «Қайрат» 20 ұпай жинап, турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.
Тур аясындағы тағы бір ойында елордалық «Жеңіс» өз алаңында «Ақтөбе» клубынан 0:1 есебімен жеңілді.
Ал «Атырау» клубы өз алаңында шымкенттік «Ордабасыға» 1:2 есебімен есе жіберді.
Біздің серіктес: FONBET