Алматы қаласында ардагерлер арасында дәстүрлі доп додасы өтіп, оған Дастан Сәтпаев қатысты.
Бұл бәсеке жыл сайын өткізіліп тұратын дәстүрлі шаралардың қатарынан саналады – мақсаты қазақ футболында өшпес із қалдырған тұлғаларға тәу етіп, есімдерін дәріптеу. Танымал футбол функционері Ғани Қайназаровтың ұйымдастыруымен өткізіліп келген осыған дейін. Осы жолы тағылымды турнирді өткізуді Самат Смақов қолға алыпты. Қазақстан футболында өзіндік орны бар азамат сауын айтып, барлық ағаларын шақырыпты. Ешкім шет қалмаған екен. Биылғы басқосудың тағы бір ерекшелігі Қайрат Боранбаевтің өзі келіп қатысқан болатын. “Қайрат” басшысы жалғыз өзі келмей Дастан Сәтпаевты да ерте келіпті. Қазақ футболының енді жанған жарық жұлдызы арқылы дәстүрлі шараға жан бітірейін деді ме кім білсін, бірақ 17 жастағы таланттың келуі жарыстың кәдімгідей көркін қыздырды. Ардагерлер доп теуіп, Дастанды ортаға алып, естелік суретке де түсіп үлгерді.
Серік Жейлітбаев, Олег Литвиненко және тағы басқа боздақтардың рухына құран бағышталған шарада ардагерлер бір арқа-жарқа араласып, жасап қалды. Ал мұндай тағылымды турнирлерге жас буынды араластыру құптарлық іс. Себебі, өткенсіз бүгін жоқ, қазақ футболының бүгіні болған Дастан Сәтпаевтай өрендер өз елінің, қазақ футболының аңыздарын біліп, қадірлеп өсуі тиіс.