Лондондық “Челсидің” бас бапкері Лиам Розениордың болашағы қыл үстінде, деп хабарлайды Aladop.kz.
Француздық БАҚ-тың хабарлауынша, егер клуб Чемпиондар лигасына жолдама ала алмаса, 41 жастағы маман Стэмфорд Бриджбен қоштасады.
Қаңтар айында Энцо Маресканың орнына келген Розениор клубпен алты жарым жылдық ұзақ мерзімді келісімшартқа отырған еді. Алайда, келісімдегі арнайы тармақ бойынша, нәтиже болмаған жағдайда клуб басшылығы бапкерді еш қиындықсыз қызметінен босата алады.
Басында бәрі жақсы басталғанымен, соңғы апталарда “Көктердің” ойыны құлдырап кетті. Премьер лиганың соңғы екі матчында жеңіліс тапқан Лондондықтар қазір алтыншы орынға сырғыды. Тіпті, Англия Кубогындағы “Порт Вейлді” 7:0 есебімен тас-талқан еткені де Розениорға деген сенімді қайтара алмағандай.
Клуб Чемпиондар лигасы аймағындағы “Ливерпульден” 1 ұпай артта қалып, 6-орында тұр. Оларды “Брентфорд” пен “Эвертон” небәрі 2 ұпай қашықтықта өкшелеп келеді.
Розениор киім ауыстыратын бөлмедегі беделін жоғалтты және ойыншылармен тіл табыса алмай жатыр деген ақпарат тарауда.
Маусымның аяқталуына небәрі жеті тур қалды. “Челсидің” алдағы кестесі оңай емес, оларға “Манчестер Сити”, “Манчестер Юнайтед” және тікелей бәсекелесі “Ливерпульмен” ойнау керек.
L’Equipe басылымының мәліметінше, клуб басшылығы әзірге бапкерді қолдап отырғанымен, Чемпиондар лигасына жолдама ала алмау оны жұмыстан қууға тікелей себеп болады.