"Қайрат" шабуылшысы Дастан Сәтпаев еурокубокте дебют жасаған ең жас қазақ ойыншысы атануы мүмкін.
Бүгін, алматылық Қайрат Чемпиондар Лигасының іріктеуі аясында “Олимпия” Люблянадан айласын асырып көрмек. Аталған кездесу Астана уақытымен сағат 22:00-де өз бастауын алады.
Қазақстандық команданың алғашқы еурокубоктік ойынында сұрмерген Дастан Сәтпаев өнер көрсететіні айдан анық. Белгісіз жағдай кедергі болмай, вундеркинд алаңға шықса, рекорд орнатады. Дастан еурокубоктік турнирлерде дебют жасаған ең жас қазақ ойыншысы атанады. Ол бұған дейін “Ақтөбеде” жүріп, еуродода алғашқы ойынын өткізген Юрий Логвиненко нәтижесін жаңартады (17 жас, 11 ай, 27 күн). Білмейтін оқырмандар болса, Дастан 16 жаста.
“Челсиге” ауысқалы Сәтпаев көптің жіті назарында. Бұқаралық ақпарат өкілдері бұл ойыншының әр қадамын аңдып, дебютынан рекордтар тіркеуде. Мәселен, Дастанның осы уақытқа дейін ел құрамасы тарихындағы ең жас дебютант деген атағы бар. Сол себептен, бүгінгі кездесуде Сәтпаевқа артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр.