«Шахтер» Чемпиондар лигасының електік сындарына қатысады. Ал мен еурокубоктық додаларда тәжірибе жинағым келеді. Сол себепті екі дүркін ел чемпиондарының ұсынысын қабыл алдым.
«Ордабасы» сапындағы белсенді футболшылардың бірі Дәуренбек Тәжімбетов «Шахтерға» ауысады» деген хабар тарағалы көп болды. Дәуренбек, расымен, қарағандылық клубтың намысын қорғай ма, әлде «Ордабасы» ойыншысы болып қала бере ме?
Футболдан ел біріншілігі аяқталысымен әрбір клуб келесі маусымға қамдану кезеңін бастап кетті. Бір ұжым бас бапкерімен қоштасса, енді бірі жаңа ойыншылармен команда қатарын толықтырғысы келеді.
«Ордабасы» сапында үш жыл доп тепкен Дәуренбек Тәжімбетовке «Шахтер» құда түсіп,ақыры бағалы ойыншыны өз қатарына алып тынды. Осы орайда жаңа клубқа ауысуымен құттықтап, Дәуренбектің өзіне хабарласқанбыз.
– Иә, мен енді «кеншілер» клубында өнер көрсетемін. Келісімшартқа қол қойдым, бәрі дайын. Бұйырса, желтоқсанның 10-ы күні «Шахтермен» бірге алғашқы оқу-жаттығу жиынына қатыспақшымын. Менің «Шахтерға» ауысқандағы ең негізгі мақсатым – әрине, жеңіске жету. Сонымен қатар «Шахтер» Чемпиондар лигасының електік сындарына қатысады. Ал мен еурокубоктық додаларда тәжірибе жинағым келеді. Сол себепті екі дүркін ел чемпиондарының ұсынысын қабыл алдым. Осы орайда сіздердің газеттеріңіз арқылы «Ордабасы» клубына көптен-көп алғыс жолдасам деймін. Өйткені футболшы ретінде қалыптасуыма бұл команданың сіңірген еңбегі зор болды, – деп жауап берді бізге Дәуренбек.
алаш арена