
АҚШ-та өтіп жатқан ФИФА клубтар арасындағы Әлем чемпионатына алты құрлықтан 32 команда қатысып жатыр. Олардың ішінде тек бір ғана әуесқой, яғни ойыншылары кәсіби емес (футболдан жалақы алмайтын, басқа тұрақты жұмысы бар) клуб бар. Ол — Жаңа Зеландиялық “Окленд Сити” командасы.
Бұл команда алғашқы ойынында Германияның атақты “Бавариясынан” 0:10 есебімен, кейін Португалияның әйгілі “Бенфикасынан” 0:6 есебімен жеңіліп қалған. Ал топтық кезеңдегі соңғы ойында Аргентинаның аңызға айналған “Бока Хуниорс” клубымен 1:1 есебімен тең түсті.
Осы тарихи тең есептегі жалғыз голды Жаңа Зеландиялық команданың қорғаушысы, күнделікті өмірде жалпы білім беретін мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін Кристиан Грэй баспен соғып кіргізді. Бұл гол Маорилер үшін турнирдегі жалғыз ғана гол емес, сонымен қатар алғашқы тең ойын мен алғашқы ұпайды да алып келді. Осының арқасында команда ФИФА тарапынан 1 миллион доллар көлемінде сыйақы алды. Айта кетейік, ФИФА клубтар арасындағы ӘЧ-нің топтық кезеңінде ұпай алған әрбір командаға ақша береді: тең ойын үшін – 1 миллион доллар, жеңіс үшін – 2 миллион доллар.
Сонымен қатар, “Окленд Сити” бұл турнирге қатысқаны үшін 3,58 миллион доллар көлемінде сыйақы алып, жалпы есеппен 4,58 миллион доллар табыспен елге оралды. Бұл команданың 7 жылдық бюджетіне тең сома екен.
Алайда Жаңа Зеландиялық команда үшін ең қымбат дүние – ақша емес. Олар “Бавария” мен “Бенфика” сияқты алыптармен жасыл алаңда тең дәрежеде ойнап, аты аңызға айналған Диего Марадона ойнаған “Бока Хуниорс” командасымен Әлем чемпионатында тең ойнадық деп, бұл сәтті өмір бойы мақтанышпен айтып жүретіні сөзсіз.
Біздің серіктес: FONBET