Қазақстан футболында қысқы үзіліс. Десе де, футболшылар жаздың қамын қыс ойлап, осы кезден команда іздеп тыпыршып жатыр. Жаңа жылдық трансферлердің қатарына «Атырау» клубының қорғаушысы Әди Адамбаев та қосылып, келер маусымда батыстан еліміздің шығысына қоныс теппек.
23 жасар футболшы қазір «Елімаймен» келіссөз жүргізіп жатыр. Сенімді дереккөзге сенсек, барлық мәселелер талқыланып, қос тараптың келісім-шартқа қол қоюы ғана қалып тұр. Семейліктердің бас бапкері Андрей Карпович Әдиді команданың алғашқы оқу-жаттығу жиынына шақырып қойған. Адамбаев бойлы-сойлы қорғаушы. Яғни, Карповичке физикалық тұрғыда мықты футболшылар керек. Былтыр Атырау футбол мектебінің түлегі ҚПЛ-да 16 ойын өткізіп, соның 8 кездесуінде негізгі құрамда алаңға шыққан. Қорғаушы бір нәтижелі пасымен көзге түсіпті. Ал мұнайшылар бұлай жалғаса берсе, келер жылы футболшысыз қалатын секілді.
Біздің серіктес: FONBET