Диас Ахметшәріп: «Футбол жанкүйерлеріне дайындаған арнайы сыйымыз бар»

03.07.2013, 05:54
Диас Ахметшәріп: «Футбол жанкүйерлеріне дайындаған арнайы сыйымыз бар»

Күні кеше ашылған тұңғыш мемлекеттік «KAZспорт» арнасының директоры, белгілі спорт комментаторы Диас Ахметшәріппен аз-кем сұхбаттасқан едік. – Диас аға, жаңа телеарнаның алғашқы қадамы құтты болсын! Жанкүйер қауым асыға күткен «KAZспорт» арнасы алдағы уақытта көрерменді қандай жаңалығымен қуантпақшы? – Рахмет, өздеріңіз білетіндей, елбасы Н.Ә.Назарбаев осыдан бір жұл бұрын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгi, Қазақстан Республикасы Спорт және денешынықтыру істері агенттігіне мамандандырылған спорт телеарнасын ашу жайлы тапсырма берген болатын. Араға бір жыл салып, бұл тапсырма толығымен орындалды. Бұған өздеріңіз куә болып отырсыздар. Бұл «KAZспорт» арнасы Қазақстан ұлттық Телерадиокорпорациясының құрамына кіреді. Осы уақытқа дейін көптеген жұмыстар атқарылды. Тәулігіне 20 сағат хабар таратамыз. Осының 70% тек спорттық трансляцияларға арналып отыр. Ал 20 % өзіміздің «ішкі өнімнен» тұрады. Бағдарламалар, арнайы репортаждар,қазақстандық және шетелдік жаңалықтарымыз бар. Ал қалған 10 % деректі фильмдерге арнайтын боламыз. Осы тұрғыда атақты балуан Қажымұқан, Балуан Шолақ бабаларымыздан бастап, бертін келе қандай спорт саңлақтарымыз болды, солардың барлығын толығымен қамтып бейнефильм жасаймыз. – Осы жерде енді жаңа телеарнаның құрамы қаншалықты білікті мамандармен толыққан осы жайлы айта кетсеңіз? – «KAZспорт» арнасында қазіргі кезде 45 қызметкер жұмыс атқарады. Әрқайсысы өз ісінің мамандары. Комментаторлар, техникалық мамандар болсын, барлығы іріктеліп алынды. Бізде тек таңдаулы мамандар ғана жұмыс атқарады. – Алдағы уақытта спорт жанкүйерлерін қандай қызықты трансляциялар күтіп тұр? – Францияда өтетін ең ірі велобәйге «Тур де Франс» , теннистен «Уимблдон» турнирі, Иорданияда жалауын желбіреткен бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионаты, Қазан қаласында өтетін жазғы Универсиада, Дзюдодан сегіз бірдей ірі турнирді (әлем чемпионаты, әлем Кубогы, Гран-При жарыстары), су спортынан әлем чемпионатын тіклей эфирде толығымен көрсетпекшіміз. Сондай-ақ, алдағы уақытта футболдан неміс Бундеслигасында біздің арнадан тамашалай аласыздар. – Арнаның қанша пайызы мемлекеттік тілде хабар таратпақщы? – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлiгiмен алдын-ала келісілгендей, 50-50 пайыз жұмыс істейтін боламыз. – Біздің елде футбол жанкүйерлері өте көп, сіз жаңа неміс Бундеслигасын көрсетеміз деген болатынсыз. Ал Қазақстан чемпионатын «KAZспорттан» тамашалауға мүмкіндік бар ма? – Әрине, Қазақстан чемпионатын біздің арнадан тамашалай аласыздар. Тур ойындары бір уақытта өтетін болғандықтан, негізінен орталық ойындарды көрсетеміз. Ал қалған ойындарды басқа уақытта қайталап көрсетеміз. Оған біздің арнаның толық мүмкіндігі жетеді. Қазақстан ұлттық телеарнасының әрбір облыста филиалдары бар. Сол себепті техникалық мүмкіндіктеріміз өте жоғары. Сондай-ақ, Қазақстан клубтары қатысатын чемпиондар лигасы, Еуропа лигасының үйдегі, түздегі матчтарын көрсетуге арнайы келісімшарттарымыз бар. Жалпы футбол жанкүйерлеріне арнайы дайындаған тамаша сыйлығымыз бар. Оны айдың соңына дейін міндетті түрде көретін боласыздар. – Ресейдегі Георгий Черданцев, Василий Уткин жүргізетін «Третий тайм», «Футбольная ночь», «90 минут Плюс» сияқты арнайы сараптамалық бағдарламалардың біздің елге де қажеттілігі сезіледі.Ал бізде тек «Хабар» арнасында «Тотальный футбол» ғана бар? Бұл бізге аздық етеді ғой? – Әрине, ол жағы қазір қарастырылуда. Шешімі толығымен тапты десе де болады. Мамандандырылған арна болғандықтан мықты хабар жасауымыз керек. Футбол әлемдегі №1 спорт болғандықтан, футболға қызықпайтын, доп теппейтін бала жоқ.Алдағы уақытта футболға арналған жақсы бір бағдарлама жасайтын боламыз. - Әңгімеңізге рахмет, телернаның жұмысына сәттілік тілейміз! Бек Төлеуов, Астана қаласы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×