Көлік апатынан қаза тапқан Португалия құрамасы мен Англияның “Ливерпуль” командасының шабуылшысы Диогу Жота мен оның інісі Андре Силвамен қоштасу рәсімі өтті.
Жерлеу рәсіміне “Ливерпуль” клубының барлық дерлік ойыншылары қатысып, құрмет көрсетті. “Барлығы дерлік” дейтініміз бір ғана ойыншы келмеді. Ол – Луис Диас. Командадағы досы жер қойнына тапсырылып, барша жан күйзеліп жатқан шақта Колумбиялық ойыншы Луис Диас өз елінде ықпалды тұлғалармен кездесіп, көңіл көтеріп, би билеп, шат-шадыман жүрген сурет-бейнематериалдар тарап, көпшіліктің наразылығын тудырды.
Бұған қоса, Луис Диастың әкесін қылмыскерлер ұрлап әкеткен қиын күндері Диогу Жота гол соғып, досының жейдесін көтеріп, қолдау білдіргенін жұрт қайта есіне түсіріп, ашу-ыза білдіруде.
Луис Диас өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:
“Айтар сөзім жоқ. Жүрегімді жаралаған ауыр жағдай болды. Ол тек футболшы ретінде ғана емес, адам ретінде де керемет жан еді. Мен үшін жасағанын ешқашан ұмытпаймын. Жұбайы Рута мен үш баласын, отбасын құшағыма алып, сүйіп, жұбатып қойғым келеді. Диогу мен Андре, жандарың жәннатта болсын." – деп жазса да, жұрт оның сөзі мен ісі сәйкеспей тұрғанын, кезінде өзіне шынайы жанашырлық танытқан досын ұмыт қалдырғанын айтып, қынжылуда.