«Ливерпульдің» бас бапкері Юрген Клопп «Вулверхэмптонмен» болатын матч алдындағы баспасөз мәслихатында бельгиялық шабуылшы Дивок Оригидің клубтан кететінін растады.
«Менің ойымша, жазда командадан тек Дивок кетеді. Мен үшін ол әрқашан «Ливерпульдің» аңызы және бұған дейін бірге жұмыс істеген ең маңызды ойыншылардың бірі болды. Оның өткізген ойындарының санын ескерсек, бұл біртүрлі естілетін шығар, бірақ мен үшін онымен жұмыс істеу үлкен қуаныш болды.
Ол тамаша ойыншы және керемет жігіт. Командадағылардың барлығы оны жақсы көреді. Оның кетуі бәріміз үшін қиынға соғады. Мен Дивок туралы ойлаған кезде, көп нәрселер есіме түседі: маңызды голдар, жағымсыз және ауыр жарақаттар, прогресс пен құлдыраулар», - деді Клопп.
Джанлука Ди Марционың айтуынша, «Милан» бельгиялық шабуылшының өкілдерімен ресми байланысқа шыққан. Оригидің өзі де италиялық клубқа ауысуға қарсы емес. Ойыншы жылдық жалақысы 4 миллион еуроны құрайтын келісім-шартқа қол қоймақ.
Ориги «Ливерпульге» 2014 жылы «Лилльден» ауысып келді. Бельгиялық шабуылшы осы маусымда Премьер-лигада алты ойынға қатысып, үш гол соқты. Сондай-ақ Чемпиондар лигасының жеті матчында бір гол мен бір голдық пасты өз атына жазды. Оригидің мерсисайдтық клубпен келісім-шарты ағымдағы маусымның соңында аяқталады.
Біздің серіктес: FONBET