Дмитрий Сычев. «Омбыдан Көкшетауға дейінгі жол»

17.03.2015, 23:09
Дмитрий Сычев. «Омбыдан Көкшетауға дейінгі жол»
Соңғы бір апта бойы Қазақстан мен Ресейдің ақпарат құралдары Дмитрий Сычевтың Қазақстанның қай командасына ауысатынын талқылады. Басында «Ақтөбе» деді. Нәтижесінде жұма күні Көкшетауға келетіні ресми түрде белгілі болды. «Локомотивтің» (Мәскеу) футболшысы Қазақстан командасына жалға берілді. Енді осы жылдың соңына дейін «Оқжетпесте» өнер көрсетеді.
Дмитрий Сычев деген кім? Талантты футболшы. Бірақ өзін толық көрсете алмады. Райан Гигз, Мальдинилер 40-тан асқанша жоғары деңгейде өнер көрсетті.Ал Сычев 31-де. Алайда оның тепкен добы соңғы бес жыл бойы түзу ұша қойған жоқ. Дмитрий 1983 жылы кезінде қазаққа тым жақын Омбы қаласында дүниеге келген. Ата-анасы да спортшы жандар. Әкесі Евгений футболшы. Омбының төменгі лигасында өнер көрсеткен. Анасы Елена жеңіл атлетикамен айналысқан. Кіші Сычев бала кезінде футболмен қатар хоккеймен де шұғылданады.   «Динамо» (Омбы) Омбыдағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде оқып жүргенде Михаил Семерня деген балалар бапкерінен тәлім алады. Дима өзімен жасты (1983 жылғы) балалардан құралған команданың капитаны болады. Шабуылға жақын ойнайтын жас футболшы өте көп гол соғумен ерекшеленеді. Кей кездері қыздармен де ойнаған. Өйткені әкесі қыз балаларды жаттықтырған. Қазіргі кезде бұл мектептегі ең үздік шабуылшыға Сычев атындағы сыйлық тапсырылады. «Смена» және «Зенит» (Санкт-Петербург) Орал аймағының құрамасында ойнап жүргенде терістіктегі әріптестерінің көзіне түседі. Петербургтің «Смена» академиясы Сычевты 9-сынып бітірген жылы өздеріне шақырады. Ол «Смена» сапында қалалық біріншілікте чемпион атанып, Ресейдің жасөспірімдер құрамасынан шақырту алады. 2000 жылдың басында «Зениттің» (Санкт-Петербуг) дублінде ойнамақшы болған. Бірақ жолы бола қоймайды. Сол кезде Лев Бурчалкин жаттықтыратын команда сапында Александр Кержаков пен Максим Астафьев секілді болашақ жұлдыздар жүрген еді. Диманың әкесі «Зенит» басшыларымен келісе алмай, баласын Омбыға шақыртып алады. «Спартак» (Тамбов) Жаңа ғасырдың басында Тамбов облысында «Спартак» деген клуб болған еді. Ол команда екінші дивизонда өнер көрсетіп жүрген. Қазір мұндай команда жоқ. Сычев 2000 жылдың маусым айында «Смена» және Ресейдің жасөспірімдер құрамасында бірге өнер көрсеткен досы Александр Шешуков екеуі осы командаға ауысып келеді. Екі жас футболшыға кеңес берген агент Алексей Соколов болатын. Команданың бас бапкері Владимир Ковылин футболшыны әр түрлі позицияларда сынап көреді. Жас ойыншы көп уақытын жаттығу залдарында өткізіп, басқаларға қарағанда көп жаттығады. Сол кезде бұл команда сапында осы Тамбов өңірінің тумасы, Ресей футболының болашақ жұлдызы Юрий Жирков та болды. Сычев Тамбовта 2001 жылдың соңына дейін жүрді. Бірақ арасында бірнеше командаға байқауға барып келді. Олардың арасында «Шахтер» (Украина), «Мец», «Нант» (Франция) және Ресейдің ЦСКА клубтары бар. Бірақ әр түрлі жағдайларға байланысты ешқайсына қабылданбайды. Сол кезде шабуылшыға Германияның «Гамбургі» мен Мәскеудің «Спартак» командасы да қызығушылық білдіреді. «Спартак» (Мәскеу) 2001 жылдың желтоқсан айында «Спартакпен» бірге Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарына аттанады. Сол жақта бапкерлердің сенімінен шығып, Мәскеу командасымен келісімшартқа отырады. Келесі айда «Достастық» кубогына қатысады. Бас бапкер оны үнемі екінші таймның орта кезінде шығарып жүрді. Соған қарамастан өзі қатысқан барлық матчта гол соғып, турнирдің жаңа рекордын орнатады. Дмитрий «Спартакта» тек бір маусым ғана өнер көрсетеді. Жалпы саны 18 ойында 9 гол соққан. Сол кезде «Спартак» пен Ресей құрамасын қатар жаттықтырған Олег Романцев Жапония және Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатына алып барады. Сычев топтық кезеңдегі үш матчқа да әріптестерін алмастырып кіреді. Сондай-ақ сол кездесудің барлығында Ресей сапындағы ең үздік ойыншы атанады. Туниспен өткен алғашқы кездесуде Егор Титовқа нәтижелі пас берсе, соңғы матчта Бельгияға өзі де гол соқты. Бірақ бұл чемпионат Ресей үшін сәтсіз болды. Дегенмен оған жас шабуылшының кінәсі жоқ. Мундиальден келгеннен кейін ТНК-BP компаниясы уәде еткендей, құрама сапындағы ең үздік ойыншы болған Сычевке «Порше» автокөлігін мінгізеді. Әлем біріншілігінен келгеннен кейін «Спартак» сапында 7 ойын өткізіп, тағы да 2 гол соғады. Бірақ кейін арада көптеген түсінбеушілік туып, келісімшарт бұзылады. «Марсель» (Франция) «Спартактан» кеткеннен кейін спорттық бабын жоғалтпау үшін Киевтің «Динамосында» сапында біраз жаттығады. Тіпті, Украина командасында қалуы да мүмкін деген сыбыс шыққан еді. Алайда 2003 жылы Францияның «Марсель» клубымен келісімшартқа отырғаны белгілі болды. Алғашқы маусымда чемпионатта 17 ойын өткізіп, соның екеуінде ғана алаңда толық 90 минут өнер көрсетеді. Сол жылы команда біріншілікте үшінші орын алып, Чемпиондар лигасына қатысу құқығына ие болды. Келесі маусымда Мидо, Дидье Дрогба, Стив Марле секілді шабуылшылар келіп, бәсекелестік күшейеді. 2003 жылдың желтоқсан айында жарақат алып, жағдай одан сайын қиындай түсті. 2004 жылдың 27 қаңтарында соңғы ойынын өткізіп, Ресейге қайта оралады. Францияда жүргенде барлық туринрді қосқанда, 44 ойынға қатысып, 7 голдың авторы болады. «Локомотив» (Мәскеу) Сол жылы Португалияда Еуропа чемпионаты өтті. Сычев соған қатысты. Біріншілік аяқталған соң, Мәскеудің «Локомотивіне» ауысады. Юрий Семиннің қарамағында 2004 жылы алғаш рет чемпион атанып, жылдың үздік футболшысы болды. Мергендер көшінде үшінші орынға орналасты. «Локомотивте» Динияр Билялетдинов, Марат Измайлов, Дмитрий Лоськовтармен бірге команданы біраз уақыт алға сүйреді. Сычев – өзімен аттас Лоськовтан соң команданың тархиындағы екінші мерген шабуылшы. Ең көп ойын өткізгендердің тізімінде сегінші тұр. Жалпы теміржолшылар сапында 2004-2013 жылдар аралығында 9 маусымда 267 ойын өткізіп, 92 гол соққан. «Динамо» (Минск) «Локомотивке» 2012 жылы хорватиялық Славен Билич бас бапкер болып тағайындалды. Содан кейін Сычев негізгі құрамдағы орнын жоғалтты. Команда құрамында Роман Павлюченко, Фелипе Кайседо, Даме Н Дойе секілді шабуылшылар болды. Сондықтан Дмитрийге алаңға шығу тұрмақ, тізімге іліну мұңға айналды. 2013 жылы наурызда Минскінің «Динамо» клубына жалға берілді. Беларусь жерінде 15 ойынға қатысып, 3 рет мергендік танытты. «Волга» (Нижний Новгород), «Оқжетпес» «Динамодағы» келісімшарты аяқталған соң, Ресейге қайта оралды. Маусымды Нижний Новогордтың «Волгасында» аяқтады. Сол жылы команда Премьер-лигамен қош айтысты. Ал Сычев «Локомотивке» келді. Өзінің сүйікті командасына қайтып келгенімен, былтырдан бері бірде-бір ойын өткізген жоқ. Клуб президенті Ольга Смородская футболшы карьерасын аяқтайтынын да мәлімдеген еді. Алайда Дмитрий әлі де доп тебуден үмітті. Ресми түрде екі жыл алаңға шықпаған футболшы қазіргі кезде Владимир Муханов жаттықтыратын «Оқжетпеске» келді. «Трансфермаркет» футболшыны құнын 600 мың еуроға бағалап отыр. Осы маусымның соңына дейін жалға алынды. Қызықты деректер: * Үлкен футболдағы алғашқы ойынын 2000 жылы 25 маусымда Ресейдің екінші дивизондағы «Спартак» (Тамбов) клубының сапында «Авангард» (Курск) командасымен өткізді. * Бірінші голын 2000 жылы 3 тамызда сырт алаңда «Орел» қақпасына соқты. * Франция чемпионатында 33 матч өткізіп, 5 гол соққан. * Ресей чемпионатында 5 рет дубль жасаған. * Алғашқы рет бір ойында екі гол соғу бақыты 18 жасқа толғаннан 137 күн өткенде бұйырды. Осылайша Владимир Бесчастныхтен (17 жас 363 күн) кейін дубль жасаған ең жас ойыншылардың қатарына кірді. * Ресей құрамасындағы дебютін 2002 жылы 27 наурызда Эстониямен өткізді. * Құрамадағы тұңғыш голын 2002 жылы 19 мамырда Югославия қақпасына соқты. Бек Төлеуов
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×