Догодайло кетті, кезек кімде?

28.03.2012, 19:19
Догодайло кетті, кезек кімде?

Біріншіліктің алғашқы тең есебі, алғашқы автоголы, алғашқы қызыл қағазы – бәрін де үшінші турда көрдік. Сондай-ақ ұпай саны жөнінен 100 пайыздық көрсеткіші бар командалардың саны да екеуге қысқарып қалды. Шынын айту керек, биылғы біріншілікте күтпеген есептер болып жатыр. Мәселен, ел чемпионы «Шахтер» Қостанайда жергілікті «Тобылдан» 1:3 есебімен ұтылды. Мейлі «Тобыл» өз жерінде ойнасын, мейлі былтырғыға қарағанда құрамы едәуір өзгерсін, бірақ ешкім де «Шахтер» жеңіп тұрып, қақпаларына үш гол жіберіп алады деп ойламағаны анық. Сол сияқты «Жетісудың» «Ақтөбеден» 0:4 есебімен ойсырай жеңілгені де тосын нәтиже болды.

Рас, «Ақтөбе» құрамын біраз күшейтті, құрамында тәжірибелі легионерлердің саны да артты. Бірақ «Жетісу» да маусымаралық үзіліс кезінде ай қарап жүрмегені белгілі ғой. Командасының негізгі құрамын сақтап қалған Серік Әбдуәлиев шәкірттері биыл Еуропа лигасында да атой салуды көздеп отыр. Ендеше, Владимир Мұханов шәкірттерінен 0:4 есебімен ұтылғандары қалай? Оның үстіне, ұзын құлаққа сенсек, биыл «Ақтөбенің» бюджеті едәуір азайған көрінеді.

 Есесіне, «Тараз» бен «Ертіс» үшін биылғы маусым сәтті басталды. Екі команда да ұпай жоғалтқан жоқ. Жеңісті жолдарын үшінші турда да жалғастырған бұл ұжымдар 9 ұпаймен турнир көшін бастап келеді. Дегенмен «Тараз» үшін нағыз сынақтың бірі келесі турда болмақ. Сәуірдің бірінші күні Любо Петрович шәкірттері «Ақтөбені» қабылдайды.  Ал «Оқжетпес» пен «Қайсар» біріншіліктің аутсайдерлеріне айналып үлгерді. Екі команда да өз алаңдарындағы екі ойында да жеңіліп қалды. Оның үстіне, осы жеңілістер «Оқжетпестің» бас бапкерінің қызметінен босатылуына әкеліп соқты. Енді украиналық маман Виктор Догодайлоның орнын кімнің басатыны әлі белгісіз болып тұр. Әрі төртінші тур «Оқжетпес» пен «Қайсарға» оңай болмайын деп тұр. «Қайсар» келесі ойынын Шымкентте «Ордабасыға қарсы өткізсе, «Оқжетпес» Қостанайда «Тобылмен» кездеседі. Әлбетте, бұл ойындардан да аутсайдерлер ұпай ала алады дегенге сену қиын. Тіпті Дого­дайлоның ізінше бас бапкерлік қызметтен «Қайсар» бапкері Сергей Когайдың да босатылуы ғажап емес.  Айта кетейік, алғашқы тең есеп «Сұңқар» – «Ордабасы» кездесуінде тіркелсе, алғашқы автоголдың иесі – «оқжетпестік» Бидненко. Ал «Қайсар» – «Тараз» кездесуінде алаңнан қуылған Стахив пен Сергиенко алғашқы қызыл қағаздың авторлары атанды.   ІІІ турдың қорытындысы:  «Астана» — «Ақжайық» (Орал) – 2:1  Голдар: Нұрдәулетов, 36-пен.  Нөсербаев, 51 – Зенкович, 7.  «Тобыл» (Қостанай) — «Шахтер» (Қарағанды) – 3:1  Голдар: Кислицын, 48. Жолшиев, 57.  Жолшиев, 87 – Байжанов, 20.  «Қайсар» (Қызылорда) — «Тараз» –1:2  Голдар: Црногорац, 35 – Исламхан,  17. Перич, 21.  50-минутта Стахив (Қ) пен  Сергиенко (Т) алаңнан қуылды.  «Атырау» — «Қайрат» (Алматы) – 2:0  Голдар: Сараев, 7. Шафф, 80.  «Сұңқар» (Қаскелең) — «Ордабасы» (Шымкент) – 0:0  «Оқжетпес» (Көкшетау) — «Ертіс» (Кереку) – 1:4  Голдар: Чагелишвили, 86 – Иванов,  17. Кучера, 19. Бидненко,  21-өз қақпасына. Говедарица, 74.  «Ақтөбе» — «Жетісу» (Талдықорған) – 4:0  Голдар: Малетич, 7. Илич, 12. Илич, 37.  Лисенков, 70. Автор: Әсет РАЙЫМБЕКОВ алаш айнасы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×