ДОП ДОДАСЫНДАҒЫ ДОСМАНБЕТОВ

09.11.2021, 06:43
Жиырмасыншы ғасырдың соңында ел футболында ерекше есімдер пайда болды. Чемпионаттың алғашқы сұрмергені Сергей Когай, тұңғыш хет-трик орындаған Тілеухан Тұрмағанбетов, мығым футболшы Нүркен Мазбаев, шебер шабуылшы Виктор Зубарев.
ДОП ДОДАСЫНДАҒЫ ДОСМАНБЕТОВ

Аталмыш аяқдопшылардың алаңдағы абыройын тоқсаныныншы жылдардың соңғы сәтінде Серік Досманбетов жалғады. Небәрі 16 жасында "Қайсардың" негізгі құрамынан орын алып, қарсылас команданың қақпашыларын қапыда қалдырды. Спорттық мансабында толағай табысқа жеткен футболшының орайлы сәтін оқырманға ұсынамыз.

Жалғыз медаль

2001 жылы Қазақстан құрамасы жазғы Азия ойындарына қатысуға мүмкіндік алады. Айтулы аламанның көз тартар көрінісі әрине футбол ойыны. Азияның Жапония, Корея, Австралия секілді алпауыттары жүлде бермейді деген жанкүйерлер арасында сенімсіз сөздер болды. Алайда 23 жасқа дейінгі футболшылар құрама сапын толықтырды. Құрамында 19 жастағы Серік Досманбетов те бар еді. Жапонияның Осако қаласында жалауы желбіреген жарыста ұлттық құрама Макаоны 5-0, Монғолияны 8-0 есебімен ойсырата ұтып, плей-оффқа жолдама алады. Жартылай финалда Австралия құрамасынан 1-0 есебімен жеңілген қазақ футболшылары қоланы қанағат етеді. Сол жарыста Досманбетовтың алаңдағы жарқын сәті Еуропалық скауттардың назарын аудартады. Тіпті, Ресей чемпионатынан қаршадай балаға ұсыныс түседі. Ауылдан жырақтамаған жас футболшы үшін сырт ел қолайсыз болатындай көрінді. Оның үстіне әке-шешесінің қол қанатына айналған футболшы үйдің жай күйіне қарады. Досманбетовтың Жапониядағы олжасы әзірге қызылордалықтар арасындағы халықаралық жалғыз жүлде.

Әкімі іздеген футболшы

2004 жылы "Қайсар" біріншіліктің бел ортасында чемпионаттан шығарылды. "Есіл" командасымен болған кездесуде төрешілердің әділетсіздігіне шыдамаған Виктор Кумыков ойын аяқталмастан командасын алаңнан алып кетті. Қазақстан футбол федерациясының шешімімен "Қайсар" төменгі лигаға сырғыды. Кумыков жасақтаған құрам мықты болатын. Тіпті, алғашқы айналымда алғашқы үштікке жайғасты. "Қайсардың" бірінші лигаға кетуіне орай, суперлигадағы командалар қызылордалық футболшыларға құда түсті. 2005 жылдың қаңтарында шабуылда ширақ қимылдайтын Серік Досманбетов "Оқжетпестің" құрамына қосылды. 23 жастағы футболшы жаңа ортаға тез бейімделіп, команданың көшбасшысына айналады. Жаңа футболшы бас бапкер Владимир Фомичевтың сеніміне селкеу түсірмей, маусымда тәп-тәуір нәтиже көрсетеді. Чемпионаттың алғашқы турларынан бастап Досманбетовтың бағыттаған добы қақпа ішінен тулай бастады. "Алма-Ата","Болат", "Екібастұз", "Жеңіс", "Атырау", "Ордабасы" секілді командаларға гол соғып, маңызды ұпайларды командасына сыйға тартты. Бойында таланты бар футболшыны сол кездегі Ақмола облысының әкімі Мәжит Есенбаев байқап, жас футболшыға құрмет көрсетті. 2006 жылы сұрмерген Серікке премьер-лигадан бірнеше ұсыныс түседі. Оңтүстіктің бас командасы "Ордабасыға" ауысудың орайы түсіп, Досманбетов жаңа маусымды Шымкенттен бастайды. Мұны естіген әкім "Оқжетпестің" басшысы Әбдіғапар Абдрахмановты шақырып, "команданың көшбасшы футболшысынан қалай айырылуға болады" деп сөккен көрінеді. Бірінші айналым аяқталысымен трансферлік терезенің ашылатыны белгілі. Шіліңгір шілденің мезетіне келетін трансфер науқанында әкім Мәжит Есенбаев Досманбетовке қоңырау шалып, "Оқжетпеске" қайта ауысуын өтінеді. "Ордабасыда" озат болған футболшы әкімнің өтінішін жерге тастамай Көкшетауға кері қайтады. Осылайша тарих қойнауында Серік Досманбетов әкімі іздеген футболшыға айналды.

"Шахтерды" шыңға шығарды

2011 жылы Ресейлік маманы Виктор Кумыков араға 7 жыл салып Қазақстанға оралады. Қызмет Қарағандыдан бұйырып, "Шахтер" футбол клубының бас бапкері болып тағайындалады. Жұрт секілді біріншілікке дайындықты ерте қыстан бастап, команданы қайта жасақтайды. 2004 жылы "Қайсарда" қызмет еткенде қызылордалық футболшыладың қарім-қабілетінің қаншалықты екенін байқайды. Ә дегеннен командаға Сырдың үш футболшысын қосады. Серік Досманбетов, Мақсат Байжанов және Қанат Әлиев – кеншілердің намысын қорғауға білек сыбанып кірісіп кетеді. Команданың басты мақсаты – чемпион болу. Тарихы терең клуб бұл биіктікті бұрын-соңды бағындырмаған. Жанкүйерлер үміті – жаңа бапкер мен жаңа футолшыларда. Маусымды сәтті бастаған "Шахтер" 9-турда чемпионаттағы негізгі қарсыласы "Жетісуды" қабылдайды. Ұпайдан шашау шығармаған талдықорғандық ұжым кеншілерге бірден үш гол соғады. Хижниченконың бір гол соғып қысқартқаны болмаса таблодағы есеп 1-3. Матчтың аяқталуына небәрі 15 минут қалды. Жанкүйерлердің ұпай алады деген үміті сөне бастады. Сол кездегі ел классикосы осы екі клубқа тиесілі. Стадиондағы абыр-сабыр да саябырсыды. Кумыков батыл шешім қабылдауға кірісті. Алаңға тыңнан Серік Досманбетовты шығарды. Соңғы үміт Серікте. Жоқ жерден гол соғып кететін қасиетін Қызылордада байқаған бапкер үмітін үзген жоқ. Кездесудің 77-минутында Досманбетов қақпашы Сергей Степаненко қорғаған қақпадан саңылау тапты. Бұл голдан кейін стадионға жан бітіп, фанаттардың қиқуы футболшыларға қанат бітірді. "Шахтер" тайлы тұяғымен шабуылға шықты. Жата жастана қорғанған "Жетісу" 86-минутта Серік Досманбетовтың соққысынан кейін сыр берді. 9 минуттың ішінде дубль авторы атанған Досманбетов "Шахтерға" чемпиондық үмітін қайта жалғап, командасына маңызды ұпай сыйлады. Сол жылы "Шахтер" алға қойған мақсатын орындап, Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы атанды.

Өзім дегенде өгіз қара күшім

2012 жылы қызылордалық "Қайсардың" маусымдағы аяқалысы нашарлады. Жеңілістен көз ашпай, турнирлік кестенің соңғы сатысына сырғыды. Жанкүйерлердің үнжұрғасы түсіп, Ақмешітте аладоп құлдырай бастады. Сол кездегі Қызылорда облыстық спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев футболшылармен сөйлесуге өзі кірісті. Алдымен өзге клубтардағы жерлестерін түгендеді. Владимир Никитенконы бас бапкерлікке тағайындап, жағдайды жақсартуға кірісті. Клубта үйірілген қара бұлт бірте-бірте сейіле бастады. Маусымның бел ортасында "Шахтер" Қызылордаға келді. Ел чемпиондары сапында қос қызылордалық доп тебеді. Бірі Байжанов, бірі Досманбетов. Мұстафаевтың арманы екеуінің біреуін "Қайсарға" алып қалу. Күнтізбеге сәйкес жоспарланған матч "Қайсардың" жеңісімен аяқталды. Үш ұпай көңілге медет болғанымен, Мұстафаевтың мұраты келісімге келу. Алдымен өтініш айтып, Серік Досманбетовке мән жайды баяндайды. Қиын сәттен шығу үшін қол созуға шақырады. Футбол мансабында түрлі жағдайды бастан өткерген сақа футболшы майлы жерден бас тартып, өзі түлеткен команданың намысын қорғауға шешім қабылдайды. Футболшының шешіміне "Шахтердың" бас бапкері Виктор Кумыков қапаланып, Досманбетовке бірнеше уақыт ренжіген көрінеді. Бұл – Серік Досманбетовтың туған жеріне деген құрметінің көрінісі болса керек. 

Жергілікті футболға жанкешті

2015 жылы Серік Досманбетов футбол мансабын аяқтап, Қызылорда футболын дамыту үшін "Байқоңыр" клубына әкімші қызметіне кіріседі. Бұл қызметті атқара жүріп, жергілікті жас ойыншыларға алаңдағы тәжірибесімен бөлісіп, алға дамуына жол сілтеді. "Байқоңырдағы" байыпты ісі 2017 жылы "Қайсардың" спорттық директорына ұласты. 2017 жылы "қасқырлар" футболшы таңдауда жаңылмады. Алдымен Мақсат Байжанов бастаған жергілікті ойыншыларды қайта оралуға жұмыс жүргізілді. Әмірсейтов, Ламанж, Аржанов, Курьор, Нтибазонкиза, Камара секілді жанкүйерлердің сүйікті футболшылары команда сапында доп тепті. Нәтижелі сұрыптаудың әсерінен "Қайсар" бірінші лигадан орала сала үздік 6 команданың қатарынан көрінді. Жүйелі жұмысының арқасында Досманбетов 2018 жылдан бастап қызылордалық клубтың директоры қызметіне кірісті. Алдымен 5 жылдық стратегия жасақтап, өңір футболшыларын командаға қосу мәселесін алға тартты. Тұңғыш рет "Қайсар" тарихында 6 футболшы бір мезетте ұлттық құраманың намысын қорғады. Жергілікті жас футболшылар Бекзат Құрманбекұлы, Шоқан Абзалов, Абылайхан Төлегенов, Елжас Сарбай, Мағжан Бауыржан, Аян Құлмағанбетов, Нұрымжан Салайдын, Өркен Махан секілді футболшылар негізгі командаға тартылды. Досманбетовтың басшылығымен 4 маусым премьер-лигада "Қайсар" тегеурінді командаға айналды. 2019 жылы Қазақстан кубогын еншілеп, клуб тұңғыш рет Еуропа лигасына қатысты. Биыл "Қайсар" жергілікті футболшыларына сенім артып, премьер-лигада бақ сынады. Мұндай көріністі "Тараз" футбол клубынан кейін "Қайсардан" байқасаңыздар болады. Маусым сәтсіз аяқталғанымен қызылордалық футолшылар жоғары ойын көрсетті. Тіпті ел кубогы сәтінде "Астана", "Ақтөбе", "Ақжайықтан" ұпай еншілеп, ширек финалға дейін жетті. Серік Досманбетовтың қызметтегі басты идеясы алдағы екі жылда біріншікке легионерсіз қатысып, ұлттық құрамаға сапалы футболшыларды дайындау екенін алға тартады.

Әділет Әбду

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×