Дорин Ротариу: «Астана» жасаған ұсынысты қабылдағаныма өкінбеймін»

15.05.2020, 19:10
«Астана» футбол клубының және Румыния құрамасының жартылай қорғаушысы Дорин РотариуSports.kzреспубликалық интернет-порталының тілшісіне арнайы сұхбат беріп, алдағы жоспарымен бөлісті:
Дорин Ротариу: «Астана» жасаған ұсынысты қабылдағаныма өкінбеймін»

— Дорин, Сіздің «Астана» сапында ойнап келе жатқаныңызға бір жылдан астам уақыт өтті. Біздің елімізге, Нұр-Сұлтан қаласына бой үйретіп үлгердіңіз бе?

— Иә, менің Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келгеніме бір жылдан астам уақыт өтті. Бұл менің ең сүйікті астаналарымның бірі.

— Елордада уақыт өткізетін ең сүйікті орындарды атап өте аласыз ба?

— Бұл жерде маған ұнайтын жерлер өте көп. Мысаға, мен «Астана Опера», «Пирамида» (Бейбітшілік және келісім сарайы, Sports.kz), «Бәйтерек», Қазақ ұлттық өнер университетінде және т.б. көп жерлерде болдым.

— Мұнда Сізді не таң қалдырды?

— Қазақстандағы адамдар өте сыпайы, әрі мейірімді.

— 2019 жылғы маусым басында «Астана» командасының жасаған ұсынысын қабыл алғаныңызға өкінген сәттер болды ма?

— «Астана» футбол клубының ұсынысын қабылдағыныма ешқашан өкінген емеспін!

— Румыниялық БАҚ өкілдері Сіз Нұр-Сұлтан қаласында өткізіп жатқан карантин уақытында клуб жеткізіп берген велотренажерден бөлек, жеке жаттығу жұмыстары үшін жүгіру жолағын сатып алғаныңызды жазған еді. Бұл қаншалықты рас?

— Иә, бұл шындық. Мен өз спорттық бабымды сақтау мақсатында жаттығу жұмыстарына қажетті құрылғыларды жалға алған болатынмын. Оның ішінде Сіз айтқан жүгіру жолағы да бар.

— Жақында Сіздің «Динамо» Бухарест клубының жанкүйерлер қорына жыл сайын 1948 еуро (клубтың құрылған жылы — 1948 жыл, Sports.kz) көлемінде қаржы аударып отыратындығыңыз белгілі болды. Бұл Сіз үшін үлкен көлемдегі қаржы емес пе?

— Мен «Динамо» футбол клубына үлкен құрметпен қараймын. Бұл менің футболдағы мансабыма жол ашқан команда. «Динамо» фанаттары клуб үшін әрдайым алаңдап, оған көмектесу үшін барын салып келеді. Мен оларға аз да болса өз көмегімді көрсете алатындығыма қуаныштымын.

— Румыния құрамасының болашағы туралы не ойлайсыз? Құрама бас бапкері Мирел Рэдой 2020 жылы Сізге негізгі құрам ойыншысы атануға мүмкіндік береді деп ойлайсыз ба?

— Менің ең негізгі мақсаттарымның бірі — ұлттық құраманың мүшесі атану. Осы мақсатқа жету жолында қолдан келгеннің барылығын жасауға дайынмын.

— Михал Билекпен тіл табысып үлгердіңіз бе?

— Біз — кәсіпқойлармыз, әрі бір-бірімізді құрметтейміз, командаға көмектесу үшін қолдан келгеннің барлығын жасайтын боламыз.

— Сіздің ойыңызша команда құрамы өткен жылмен салыстырғанда күшейді ме?

— Біздің қаншалықты деңгейде күшейгенімізді маусым соңындағы нәтижелер көрсетеді деп ойлаймын.

— «Астана» жанкүйерлеріне не айтасыз?

— Біздің жанкүйерлерге өткен маусымда көрсеткен ерекше сенімдері мен қолдаулары үшін алғыс айтамын. Сіздер бізді осы жылы да дәл сондай деңгейде қолдайсыздар деп үміттенемін. Сіздерге зор денсаулық тілеймін!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×