Елордалық "Астананың" бұрынғы шабуылшысы, қазіргі таңда Самараның "Крылья Советов" сапында өнер көрсетіп жүрген Джеффри Чинеду Ресей Премьер лигасының 20-турындағы матчтан кейін өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Aladop.kz.
Махачкаланың "Динамосына” қарсы өткен ойында дәл осы Чинедудың соққан қос голының арқасында Самарлықтар жеңіске жеткенімен, футболшыларға ауа райының қолайсыздығы айтарлықтай кедергі келтірген сияқты.
Чинедудың айтуынша, команда бұл кездесуге тыңғылықты дайындалған және жаттығу кезінде пысықталған элементтер ойын барысында өз жемісін берген. Дегенмен, шабуылшыны алаңдағы қарыған суық қатты таңғалдырған:
"Біз жаттығу кезінде осы сәттердің барлығын қарастырған болатынбыз. Бүгін соны іс жүзінде асыра алдық. Ойын кезінде күннің суықтығы сонша — төзу мүмкін емес еді. Кезінде "Астана” сапында жүргенде Алматыда "Челсиге” қарсы (1:3) шамамен осындай ауа райында ойнағанбыз. Бірақ бүгінгі аяз тіпті сүйектен өтіп кетті, Алматыдағыдан да қатты тоңдым." — деді форвард.