Ағылшын футболының жарқын жұлдыздары Джуд пен Джоб Беллингемнің ата-анасы 20 жылдық некеден кейін ажырасқанын Daily Mail басылымы хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, олардың әкесі — бұрынғы полиция қызметкері Марк Беллингем мен анасы Дениз Беллингем балаларының футбол мансабына бар уақытын арнау үшін өз істерін уақытша тоқтатқан. Беллингемдер отбасы бір кездері Англияның Батыс Мидлендс өңірінде тұрып, екі ұлдың арманын жүзеге асыруға барлық күшін салған.
Алайда соңғы жылдары ерлі-зайыптылардың арасы суып, бөлек өмір сүре бастаған. Бірі Англияда, екіншісі шетелде тұрды. Ақырында бұл айырмашылық ресми ажырасуға алып келген.
Ажырасу жайлы сыбыстар соңғы уақыттарда күшейе түскен еді. Журналистер Джобтың Чемпиондар лигасындағы матчы кезінде Марк пен Дениздің трибунада бөлек отырғанын байқап, бұған назар аударған.
Daily Mail-дің мәліметінше, қазіргі таңда Марк Беллингем Батыс Мерсия полициясының детективі Шелли Панчонмен қарым-қатынаста. Дәл осы жаңа байланыс Беллингемдердің ұзақ жылғы некесінің соңғы нүктесін қойғанға ұқсайды.
Айта кетейік, Марк Денизден сегіз жас кіші. Жастау кезінде кәсіби футболшы болуды армандағанымен, кейін полиция саласында қызмет етуді таңдаған. Ал Дениз Беллингем балаларының тәрбиесіне, оқуына және жаттығуларына ерекше мән берген, ұлдарының жетістіктерінің негізгі тірегіне айналған ана ретінде танымал.